«Жас маман – 2022» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі

2021 жылғы 22 қараша мен 26 қараша аралығында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде онлайн форматта, ZOOM платформасы мен YouTube желісі арқылы күндізгі бөлімінде оқитын Құқық және экономика,  Техникалық, Педагогика және психология, Гуманитарлық,  Жаратылыстану,  Дене шынықтыру және өнер факультеттерінің бітіруші түлектеріне арналған «Жас маман – 2022» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.

Аталған іс-шараға Алматы облысындағы мекемелер мен ұйымдардан 100-ден аса жұмыс берушілер, 35 мамандық бойынша  күндізгі бөлімнің 853 бітіруші түлегі (оның ішінде 20 педагогикалық мамандық бойынша 452 бакалавр) қатысты.

Жұмыс берушілер өз мекемелері жайлы таныстырылымдарын көрсетіп, мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып, түрлі сұрақтар бойынша кеңес беріп, жұмысқа орналасу  мүмкіндіктері жөнінде мәліметтер берді. Сонымен қатар, жәрмеңкеге университетімізді бітірген түлектеріміз қатысып, ғылым және мансап жолындағы жеткен жетістіктерімен ой бөлісіп,  болашақ жас мамандарға жігер беріп, өздерінің тілектерін айтты. Жәрмеңке мамандықтың ерекшеліктеріне сәйкес, жеке-жеке факультеттер бойынша әр күнге жалғасты. Университет басшылары, факультет декандары және білім беру бағдарламаларының жетекшілері жас мамандардың жұмыс табуы мақсатында қолдау көрсетіп,  бағыт-бағдар беріп отырды. Жұмыс берушілер мен университет бітіруші түлектерінің сұхбаттасуы барысында білімгерлердің түйіндемелері жұмыс берушілерге чат арқылы электронды нұсқасы мамандықтарға бөлініп жолданды. Жәрмеңке арқылы бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұхбаттасып, қызықтырған, мазалаған сұрақтарын қоюға, болашақ жұмыс орындарының талаптары туралы білуге мүмкіндік алды.

Онлайн форматта өткізілген жәрмеңке жұмысы болашақ жас мамандардың келешекте жұмыс орындарын анықтауда көмегін тигізді деген ойдамыз.

           Іс-шара мақсаты: Бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.