«Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» республикалық съезі

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кәсіби біліктілігі жоғары педагогтердің әлеуетін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін оқытудың өзекті мәселерін шешуге және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын айқындауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылған «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» республикалық съезінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің гуманитарлық факультет, филологтарды даярлау білім беру бағдарламаларының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Кыяхметова Шара Асетовна:   

«Кезінде классик ақын Мағжан Жұмабаев алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі, —  деп айтқан алаш арыстанының аманатын бір ғасырдан кейін «Педагог мәртебесі туралы» заңың шығару арқылы орындадыңыз», — деп ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлына алғысын айтты.

Шара Асетовна педагогикалық әдепті сөзге тиек етіп:

«Педагогикалық әдеп мәселесі ұлт болып қалыптасып келе жатқаннан бері жалғасын тауып келе жатыр. Педагогикалық әдеп Ережелері де қабылданған. Заманның талабына орай педагогтың қызметі, міндеті де жаңа талаптарды туғызады. Бүгінгі ақпараттық қоғамда әлеуметтік желіні әр адам өз танымы, деңгейі тұрғысында пайдаланады. Педагог қай кезде де ең алдымен тәрбиеші. Сондықтан әлеуметтік  желіні қолдану мәдениеті назарда үнемі ұсталып, осы мәселенің ресми түрде шешімі табылса», — деген ұсыныс білдірді.