МӘҢГІ ӨШПЕС ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Мамыр айының 4-жұлдызында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, журналистика және ақпарат білім беру бағдарламасының ЖҚ111 және 211 тобындағы білімгерлер Алматы облысы Кербұлақ ауданына саяхатқа аттандық. XXI ғасырда Шоқан туралы білем дейтіндер көп болғанымен ұлы тұлға туралы сұрай қалсаң маңдытып жауап бере алмайтындар жетерлік. Сондықтан отызға тола қоймаған азаматтың қалай зерттеушіге айналғанын зерделеп, ғалымның ғылыми мұраларымен жақын танысу, суреткерлік, саяхатшылық қырлара қанығуды мақсат еттік. Тәлімгеріміз осы сапарды сөз еткен сайын: «Шоқан феномені қазіргі жастарды неге қызықтырмайды?» деген сұрақ мені жиы мазалады. Сапарға дейін ғаламтор желісі мен түрлі кітаптан Шоқан туралы мәлімет іздестіріп, ой сандығыма жиналған сұраққа жауап іздеумен болдым. Мені бұл теманың қызықтыр түскені соншалық, Шоқан мұражайына арналған саяхатымызды ынтызар-ыждаһаттылықпен күттім, есесіне көкейімдегі сан сауалға  қызығушылықпен жауап таптым.  

 

Шоқан сүйегі жатқан жерге тәу ету мақсатында, Алтынемел етегіндегі  Тезек төренің ауылына жолға шықтық. Шоқан мұражайы Талдықорған-Сарыөзек күре жолынан 23 шақырым жерде. Бұрынғы атауы – Көшентоған, қазір Шоқан ауылы деп аталады. Алтын­емел ұлттық қорығының аумағында орналасқан, табиғаты ерен, көктемде  жасыл желегі – жанға сая болып, қоңыр күздің өзінде көркемдігін жоғалтпайтын сұлу жер. Шоқан музейінің өзі таңғажайып, сыртқы архитектурасының өзі ашылған кітап іспеттес. Мұражай іші де аса бір жүйелілікке құрылған, киіз үй, басқұр, экпсонаттарының орналасуы да адамға ерекше әсер қалдырады. Ішінде Шоқанның жүріп өткен жолын бейнелейтін 250 келі қой жүнінен тоқылған карта ерекше көз тартады. Ол 36 шаршы метр қабырғаны алып, кіреберісте ілініп тұр. Жәдігерлердің ішінде өзі қолданған заттары да кездеседі. Олар – белдік, тостаған, қасық, тапанша және т.б. Қалғандары – көшірме. Мұражайда Шоқан Уәлихановтың қандай әлеуметтік, мәдени және саяси ортада өсіп, қалай қалыптасқаны, Омбыда кадет корпусында білім алғаны, әскери қызметін қалай бастағаны, орыс зиялыларымен қалай танысқаны, оның ғылыми мұрасы, әдебиет, көркем сурет пен кинодағы бейнелері туралы деректермен танысуға болады. Музейдегі тірі адамға ұқсатылып жасалған мүсінде Шоқан Уәлихановтың орыс жазушысы Федор Достоевскиймен таныстығынан сыр шертетін экзпозицияның бір бөлігі көрсетілген. Әйнектің арғы жағында 19-ғасырдың екіші жартысында Петербургтегі пәтерде әңгімелесіп, ойға шомып отырған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген. Тағы бір айта кетерлігі, қазақтың шоқ жұлдызының  зираты музейден екі шақырым жерде орналасқан. Тарихшылар дерегі бойынша, Шоқан өмірінің соңғы жылдарын осы аймаққа белгілі аға сұлтан Тезек төренің ауылында өткізген және оның жақын туысы (кейбіреулер тіпті қызы деп атайды) Айсараға үйленген. Шоқан өмірден қайтқанда зиратын саман кірпіштен салдыртып, маңдайшалыққа: «Орта Жүздің әйгілі ханы, Шыңғысханның ұрпағы Абылайханұлы – Уәли, Уәлидің ұлы – Шыңғыс, Шыңғыстың ұлы – Шоқан» деп жазғызып, соңына араб тілінде Құран аяттарынан үзінділер келтірген. Бұл да Тезек төренің ұлы тұлғаға көрсеткен тектілігі болса керек. Арада төрт жыл өткенде зиратты күйдірілген кірпіштен қайта көтеріп, айналасына саманнан қоршау тұрғызған. «Алтын емел» мемориалдық музей кешенінде Түркістан өлкесінің генерал-губренаторы Константин Кауфманның өз қаржысына мәрмәр тастан жасатқызған құлпытас та бар. Құлпытасты әзірлеу он жылға созылған және оны 1881 жылы орнатқан деседі. Құлпытас тарихын зерттеген алматылық өлкетанушы Николай Ивлев ондағы жазуды Польшадағы көтеріліске қатысқаны үшін Верный бекінісіне жер аударылған поляк ақсүйегі Леопольд Ластовски қашап жазғанын анықтаған. Уақыт өте келе Шоқан Уәлихановтың бейіті де назардан тыс қалып, ұмыт бола бастаған. 1906 жылы газетте жарияланған куәгер әңгімесінде зират басында тек балшықтан соғылған қоршауы қалып, мазардың өзі толық қирап-бүлінгені айтылған. Кейінірек белгісіз біреу зират басындағы мәрмәр тасты да алмақ болған, оны құлпытас бетіндегі қашау іздерінен байқауға болады. 1989 жылы мәрмәр құлпытас «Алтынемел» мемориалдық музейіне қойылып  зират басына оның көшірмесі орнатылған екен. Музей экспонаттары арасында Уәлихановтар отбасының жеке заттары яғни мыстан жасалған ыдыс, бұрыш ұнтақтағыш, шай қасық сақталған.   

Мұражай қызметкері Маржан апайымыз бізге басқалар сияқты таныс деректерді жаттап алып, қаз қалпы сыдыртып айтып бермей,  жаңа әрі тың деректерді қосқаны, білімгерлердің тосыннан жаудырған көкейтесті сұрақтарына еш саспастан жауап бергені көңіл қуантты. Әсіресе, Шоқанның өзі қолданды деген парша белбеудің тарихын тәптіштеп айтып, оның музейге қалай тап болғаны, ғалым мұраларын кім сақтап жеткізгені барша болашақ журналистерді елең еткізді. Біздің басты мақсатымыз – Шоқанның өмірі мен ғылыми мұрасына жақындау еді. Жас ғалымның жанын түсіну, асқақ арманын ұғыну, жүрегіне жол салу, еңбегін айшықтау біздің абройлы міндетіміз деп ойлаймын…

Бұл саяхат менің өмірімдегі ең әсерлі, жүрек тебірентер ілкімді сәттердің бірегейі десем артық айтқаным емес. Себебі, сапар ой-өрісіміздің дамуына, тұлға ретінде қалыптасуымызға зор ықпалын тигізді деп білемін. Сонымен қатар, әр азамат пен азаматшаны ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке, өз елінің тарихи тұлғаларының шежірелі тағдыр, тарихын білуге оны сүйіп, құрметтеуге шақырып, насихаттай алды. Мұражай – жәдігерлер мекені, тұнып тұрған тарих. Өкінішке қарай қазіргі заман ағымымен мұражайға бару қалыс қалып бара жатқанымен, Шоқан сияқты тарихи тұлғалардың ғұмырын, жолын, халыққа қызмет ету барысында көрген қиындықтарын зерттеп, білу арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық рух пен ұлтжандылық сезімін беру басты парызымыз болмақ. 

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да, көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады,-дейді хәкім Абай. Ұлы ақын сөзімен айтсақ, «Ой көзімен қарасаң…» Шоқан өз мұраларымен бізге яғни әр қазақтың бүгінгі ұрпағына, биік ойлы рухын қалдырған Алаш қозғалысына «терезені» ашты деген оймен сөзімді түйіндейін деп шештім. Шоқанның қысқа өмірі әлі де сарабдал сарап пен терең зерделеніп, ашылмаған әлем ретінде қалып отырғаны бәрімізге жасырын емес. Жаңаша көзқараспен қазақ тарихын зерттейтін рухи биік, руханияты орасан буын, десті толқын жаңа Қазақстанның байрағын биік көтеретіні анық. Қазақтың көрнекті жазушысы, қарасөздің қас шебері Ғабит Мүсірепов айтқандай «Шоқаны бар ел, шоқтығы биік ел» екенін мына біздер дәлелдеп береміз…

Мақпал ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,ЖУ, ЖҚ 111 топ білімгері