АЛТЫНЕМЕЛ АСУЫНЫҢ АЙТАРЫ КӨП

Оқу ордамыз Жетісу университетінің 50 жылдық мерейтойына байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұстазымыз Ілескен Әлбатырұлының жетекшілігімен 120 шақырымды құрайтын сапарға шығуды жоспарлағанымызға 2 апта болған.  Алғашында уатсап желісінен Журналистика және ақпарат білім беру бағдарламасының ЖҚ111 және ЖҚ211 тобының басын қосқан ақылдасу ашық алаңы құрылды.  Мүмкін онлайн хабар алысып отырғаннан болар барлығымыз бірден етене араласып кете алмадық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші ағайымыз бір жұдырық сияқты жұмылып, ұжымдасып әрекет қылуымызды тапсырды. Барлығымыздың мақсатымыз бір, бағдарымыз айқын. Сапар барысында жазира жеріміздің тамаша табиғатына тамсанып, арқа-жарқа әңгіме дүкен құру. Әрине басты бағыт бұл емес, «Аққан жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған» Мұхаммед-Қанафияның музейіне бару.   

Қалың тұманды бұлттың жәудір жауыны жолға шығатынымызды сезгендей ме таң ата сейіліп, күн шүлен шұғыласын шашты. Әуелде ауарайы болжамынан ақ жауынның жауатынын алдын ала білгенбіз. «Тіпті жауын, дауыл тұрса да бізге бөгет емес, барамыз. Таңертең сағат 8 де білім ошағының алдындағы аялдамасына жиналамыз» деген тәлімгеріміздің сөзі қолшатыр сияқты. Уәде бойынша аялдама да аялдап, «Базис қоғамдық автобекетіне» тиесілі 26 орынды автобус болашақ журналисттерді тосып тұр. Ерте жиналу себебіміз алдымыздағы жол ат шаптырым. Межелі уақытта келуге сөз бергеннен кейін «кешігіп келсем ұят болар» деген оймен үйіден ерте шықтым. Үй мен универдің арасы бір жарым шақырым. Әдетте такси бағасы 420 теңге болатын. Бірақ бүгінгі  құны 1000 теңге болды. Қалтамды қаққаны емес, маған ауыр болғаны таксидің лезде табылмауы. Әупірімдеп аялдамаға да жеттім. Мен ғана кешігіп келдім бе десем, басқа балаларда енді-енді келіп жатыр екен. Осындайда «Әй қазағым өмірі кешігіп жүреді» деген әзіл есімізге түседі. Көштің аяғы келемін дегенше сағат тілшігі 8:30-ды көрсетті. Барлығымыз автобусқа отыра бастадық. Шопыр ағамыз кілтін бұрап оталдырғаны сол-ақ еді, жолдың ұзақтығын білгендей, балалар «гитарамен ән айтайық» деп шу ете түсті. Ән салуда бір өнер, бір төбе. Ырғақты әуен мен көтеріңкі көңіл-күй үндесіп уақыттың қалай зырғып өтіп жатқанын аңғартпады. Жол жөнекей Балпық би ауылына тоқтап, бірінші курс студенттерін алдық. Талдықорған-Алматы жолы осы ауылды кесіп өтетін болғандықтан, «Такси! Такси! Такси по городу! Қанша теңге тұрады? Қымбат қой? Түссеңізші!» деген жергілікті тұрғындар мен жолаушылардың тірлік жүгін арқалағандары көрініп тұр. Базары мен супермаркеттері де көздің жауын алады. Төрт көзіміз түгел болғаннан кейін ілгері қозғалдық. Әркім өздерінің ұялы телефондарымен бейнетаспаға түсіруде. Өйткені езулері құлақтарына дейін жеткен жас буынның шаттықтары сырт көзге айтпаса да белгілі. Бұл да тамаша, табылмайтын кадр.

Жетісудың сырға толы Алтынемел асуындағы Шоқан жүріп өткен сара жолмен Сарыөзекке де жеттік. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп халық айтса қалыс айтпаған. Кербұлақ ауданы орталығының іргесі 1930 жылы Түрксіб темір жолының салынуына байланысты қаланып, әскери кент ретінде салынған. Барар жеріңнің тарихын білмеген ұят әрі журналисттерге жат қылық. Жоңғар Алатауының аласа таулы үстіртіндегі, тауаралық даланы көп армандағанша бір көруге асық едім. Ол да сәтті күндерімнің еншісінде. Жол жөнекей «Alacem» қытай цемент зауытын көзім шалды. Қолданысқа 2018 жылы берілген нысан күніне 1,2 тонна цемент шығаруға қауқарлы. Әйтсе де Қоянкөзбен Шоқан ауылының 15 шақырым күре жолында аталған зауытқа тиесілі ауыр салмақтағы автокөлік қатынайтындықтан асфальттың талқаны шыға бастаған…  

Көзді ашып жұмғанша Шоқан ауылына кіріп келдік. Жергілікті халық бұл ауылды Шаңқанай деп те атайды. Мемориалды музейге жақындай бергенде, ең алдымен төбе де оң қолын, сол қолының үстіне қойған Мұхамед-Қанафияның ескерткішін елемеу мүмкін емес. Көзге оттай басылады. Небәрі 30 жасқа жете алмай, артында өшпес мұра қалдырған ғалымды халқымыз қалай құрметтейтіні көрініп-ақ тұр. Матай шоқысына зер сала көз салып тұрған Шоқан ескерткішіне қарасаң, адамның шеберлігіне таң қаласың. Ақшаңдақ ауыл көрінісі әсерлі. Музейдің сыртқы бейнесі кітап тәріздес. Саябақ маңында еңбекқор ауыл тұрғындары болашақ ғылыми-зерттеу орталығы мен қонақ үйдің құрылыс жұмысын қызу жүргізіп жатыр. Сөздерінеше, тарихи, мәдени орта дүйім ауылды асырап отыр.

Алдымыздан жылы шырайлы бейтаныс кісі бізге қарай адымдап, беттеп келді де: «Сәлеметсіздер ме ? Жақсы жеттіңіздер ме ? Мен Маржан апайларыңмын. Хош келдіңіздер, жүріңіздер, ішке кірейік»,-деп  бізді қарсы алды. Маңдайында Шоқан Уалиханов музейі деп әсемдеп, көмкерілген жазу орналасқан. Табалдырықтан он аяғымызбен аттап, ішке ене  бергенде қақ төрде 250 қойдың жүнінен тоқылған кілем ілініп, ғалымның қамшының сабындай ғұмырында жүріп өткен жолы бейнеленіпті. Мұражай негізінен екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында этнографтың қатысты жәдігерлермен қатар өзі салған өнер туындысы көрмеге қойылған. Ал екінші қабатқа айналма жол арқылы шығып, айналаңа көз жүгіртсең мүсіндер мен сыйға тартқан кітаптарына қарап, таңыркайсың. Ең әсем көрініс түп нұсқалы көк таспен,  қазақ зиялыларын топтастырған бата картинкасы. Атауына көркі сай ортасында үш биіміз қол жайып бата беріп отырған қазақ арыстарының  бейнесі ғажап туынды деуге болады. Ұлы тұлғаның мазарына бара алмасақта ескерткішін жақыннан көруге асықтық. Жауырыны қақпақтай, сұлу мүсінді, нағыз ханның тұқымын тура бейнелеп салынғаны баршаны еріксіз емірентті. Әсем табиғатта орналасқан мәдени мұраға жету үшін алдымен көпірден, содан кейін басқышпен көтерілесің. Баспалдақта Шоқан еңбектеріне ұқсайды. Алға қарай ұмтылып, білсем, көрсем екен деп зерттеулер жасағандығын аңғартып тұрғандай. Соның айқын нәтижесі бүгінде әр басқыш сияқты қазақ жұртының мәртебесін сатылай өрбітіп, бүкіл әлемге танытуда. Алаштың қасиетті даласындағы түрлі аңыз-әпсана мен тарихы терең әулие, би, батырларымыздың шоғырланған ортасын дәл осындай ынтымағы жарасқан ауыл сияқты жасаса, еліміздің туризм саласы одан әрмен дамитыны сөзсіз.  

Киелі аймақтағы тұлға өмірімен танысып, мұрасын көріп, тамашалап болған соң қайтар жолда Майтөбе ауылына аялдадық. Өзімізбен бірге әкелген азық-түлікпен бір үйдің балаларындай табиғат аясында дастархан жайдық. Қызғалдақтай қыздарымыз ас дайындаса, тепсе темір үзетін жігіттеріміз тіл үйіретін кәуәп пісірді. Асқазанға ел қонып, дауыстарымызда жарқын-жарқын шыға бастады. Әр түрлі қызықты әңгіме айтып, естеліктерімізбен бөлістік. «Естімеген елде көп»,-демекші біз тоқтаған жерде жеті қат жер түбінен мұздай жеті бұлақ қайнап ағуда. Жергілікті тұрғындар кезек-кезек бөтелкелеріне су толтырып, алып кетіп жатыр. Бұлақ суы адам ағзасына өте-мөте ішкі құрылысқа пайдалы деседі. Тіпті бұл жерден алынған балшықтың өзін қайтадан алып келіп тастауға болмайды екен. Әр бастаудың басына шөміш (ожау) қойылған. Ырымдап, киелі деп келген адамға ыңғайлы жағдай қарастырылған. Менде қалыспай әр бұлақтың суын татып, дәмін көрдім. Біріншісінікі мұздай. Тісің сақылдап, маужыраған денеңді дір еткізеді. Ал соңғы екеуі еш себепсіз лай болып жатыр. Кеш қарая түсті. Бар ойымыз түнге қалмау. Барлығы жиналып қайтамыз дегенде бір бейтаныс жан келіп жөн сұрады. Ол бірден бұл өлкенің тарихымен таныстырды. Бізден 500-600 метр жердегі үстіртте, тасқа қашап салынған адам мен жануардың бейнесі бейнеленген иероглиф бар екендігі таңқалдырды. Уақыт тығыздығы мен жол сілтеп, таныстыратын пенде баласы болмағандықтан қызықтырған нүктеге атбасын бұра алмадық.  Әрине барлығы өз орнымен, бұйрығымен болар сәті түссе алдағы уақытта келе жатармыз. Бастысы қызыққа, ақпаратқа толы Шоқан ауылына сапарымыз өз мәресіне жетті. Бізге осындай таңғажайып табиғат пен сырға толы Алтынемел асуымен таныстырған ағайымыз Ілескен Әлбатырұлына алғысымыз шексіз. Бұл күн тағылымы мол, таңғаларлық уақыт еншісі бола білді!

ДАНИЯР АЙНАБЕКҰЛЫ,

ЖУ ЖҚ211 топ білімгері.