РАДИОСТУДИЯДА АЛҒАШҚЫ ДӘРІС ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін «Журналистика және ақпарат» білім беру бағдарламаларының  оқытушылары мен  студенттерінің көптен күткен арманы орындалды. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 50 жылдығына орай ашылған оқу радиостудияда алғаш рет дәріс өткізілді. «JY radiosy» кабинеті жоғары деңгейде жабдықталған. Мұндай ерекше үлгіде жасалған  кабинет университет бойынша алғашқы болып табылады. Дизайны тіптен бөлек. Әр ұсақ-түйек заттарына дейін асқан ұқыптылықпен зер салып жасалғанын байқау қиын емес.  

Радиостудияда білімгерлер дәріс сабағымен қоса іс-тәжірибені қатар  ұштастыра алады. Ең басты тиімділігі студенттер хабарға қажетті дауысты осында жазып, сұхбат алу кабинетін пайдалана алады. Оны осында монтаждап, жаңалықтарды кез келген уақытта дайындауға қауқарлы. Тоқетері мұнда оқу бітіргенша радиохабар жүргізуден хабары бар, оның қыр-сырын жетік меңгерген журналист болып шығады. Оқытушы-дәріскер Ілескен Әлбатырұлының бүгінгі дәрісінде осы мүмкіндіктер толықтай түсіндіріліп, алдағы уақытта 20-ға тарта радиобағдарламалар тізбегі таныстырылды. Сәйкесінше,  ЖҚ211 тобының білімгерлеріне түрлі айдарларды мүлтіксіз жүргізу нықтап тапсырылды.