ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТАМАША КЕЗДЕСУ

Қараша айының екінші жұлдызы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының түрткі болуымен  арнайы шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Оған республикалық «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Талғат Батырхан және «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев қонаққа келді. Тағылымдық кездесуде білікті мамандар өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, студенттердің тәжірибеден өтуі, газеттің қазіргі жай-күйі, отандық  журналистиканың  әлемдік деңгейдегі орны, мерзімді басылымдардың дизайн ерекшелігі жөнінде емен-жарқын әңгіме өрбітті.    

Білікті маман мен білімгер арасындағы диалогта ұтымды сөз айтып, салмақты ой қозғаған студенттер де болды. Солардың бірі – ЖҚ-312 курс та оқитын Серік Бекқали. Ол қазақ газеттерінің қазіргі хал ахуалын безбендеді. Ғасыр қойнауына көз жіберсек, баспасөздің бет-беделі, қарымы, қаралымы мен  құны жоғары деңгейде болды. Оны Наполеонның «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор»,-деп айтқан сөзінен-ақ аңғаруға болады. Ал қазіргі жаһандық кезеңде мерзімді басылымдардың болашағы алаңдатарлық мәселеге айналған. Бас басылымның қос ардагері міне осындай аумалы — төкпелі өтпелі кезеңде «білікті боламын деген журналист алдымен еңбек жолын газеттен  бастағаны жөн» дегенді алға тартып, түрлі мысалмен жас мамандарды мазалаған түйткілдің түйінін тарқатты. Шындығында өткен ғасырда тәй-тәй басқан ұлттық журналистиканы дәстүрлі биік белестерге жеткізіп, атын алтын әріппен жаздырды. Сондықтан да тарихы терең, мәйегі мығым газат-журналдың жойылып кетуі шындыққа жанаспайтындығы анық. Деседе, оның ғұмырлы болуына өскелең ұрпақтың қосар үлесі ауадай қажет.  

Бүгінгі дербестік жастарға мол мүмкіндік беріп, олардың алаңсыз білім алып, білігіне сай қызмет табуына, ұлттың болашағына еңбек етуіне айқын бағдар көрсеткен. Маңыздысы көп ізденіп, өзіміз таңдаған саланың білгірі болу. Қаламгер Талғат Батырхан: «Біріншіден, журналистте ең бастысы арман болуы қажет. Ол адастырмайды, өз діттеген көмбеңе жеткізеді. Екіншіден, Қазақстанда салалық журналистика бойынша білімгерлерді бағыттауға мүмкіндік жасалмайды. Бұған жастарды баулып, жетілдіріп, аталған сала бойынша білгір маман дайындау кемшіл тұсымыз. Дамыған елдерде бұл мықтап қолға алынған»,-деп бүгінгі біздің журналистика жайында толғанды. Бұдан бөлек, басқосуда «Егемен Қазақстан» газетінің Жетісу облысындағы меншікті тілшісі, Жетісу университетінің түлегі Мұхтар Күмісбек журналистика мамандығындағы 5 білімгердің әдеби-танымдық және еркін тақырыптағы мақаласын бас газеттің бетінде жарық көруіне атсалысатындығына уәде берді. Ұсыныс бойынша алда студенттер қуана-қуана қалам тербейтін болады. Бір сағатқа созылған уақыт тізбегінде жиналғандар аға буыннан өз көкейлерінде жүрген сұраққа жауап алып, төртінші биліктің пәрменділігі көз жеткізді. Дәстүрлі медианың қыры мен сырына қанығып, тың деректерден құлағдар болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай тағылымы мол, үлгісі ерек, қаламға қуат беретін шаралар жалғасын табады.