«Қонақпен жүздесу». Жадыра Еркінбекқызы – Жетісу облыстық «Айналайын» балалар үйінің директоры

Журналистика және ақпарат білім беру бағдарламасының оқу радиостудиясының «Қонақпен жүздесу» бағдарламасында Жетісу облыстық «Айналайын» балалар үйінің директоры Жадыра Еркінбекқызы қонақта болды.
Шынтуайтына келгенде, ата-ана жылуын сезініп өскен балалардың өздеріне өмірде жол табу оңайға соқпай жатады. Ал, балалар үйінен шыққан балалар қайда барады? Білім ала ала ма? Кәсіп игеріп, одан нәсіп таба ала ма? Қалай болғанда да, ел болып, қоғам болып біз мұндай балалардың әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне көмектесуіміз қажет. Олар – өмірдің ащы дәмін ерте татып өскендіктен, тағдырдың алға тосқан сынақтарына шыдамды келеді. Алайда іштей бәрібір қамқорлықтың жасалғанын қалайтыны белгілі. Осы мәселеге журналистік көзбен зер салып, сұрақтарымызға Жадыра Еркінбекқызынан толыққанды жауап алдық.
Сұхбат барысында «Айналайын» балалар үйінің ішкі-сыртқы жұмыстары, тәрбиеленушілердің тұрмыс-тіршілігі, олардың орта және жоғары білім алулары және қоғамдық жұмыстарға қатынасуы туралы әңгіме өрбіді.
– Қамқорлығымыздағы әр бала өзіміздің баламыз сияқты. Оларға барынша қамқорлық танытып, мейірім көрсетіп, жүрек жылуын береміз. Біз үшін әрқайсысының орны ерекше. Тәрбиешілер мен балалар арасындағы тығыз қарым-қатынастың арқасы деп ойлаймын, Балалар үйін бітіріп кеткен түлектер де әлі күнге дейін келіп тұрады, олармен байланысты үзбейміз – дейді Жадыра Еркінбекқызы.