Кәсіптік бағдар беру жұмыстары

Талдықорған қаласының мектеп түлектері үшін кәсіптік бағдар беру жұмыстары

Кәсіптік бағдар беру жұмыстары Талдықорған қаласының мектеп түлектері үшін жүргізілуде. Кезекті кездесу Барлыбек Сыртанұлы атындағы №25 мектебін аяқтаушылармен өтті. Жиынға 9, 10, 11 сыныпта оқып жатқан 214 болашақ білімгер қатысты. Аталмыш білім ордасын аяқтаушылардың арасында Жетісу университетінде оқуға ниеттеніп отырған жастар көп. Осыған сәйкес, түлектерге оқу ордасы жайлы мәлімет беріліп, басымдықтар туралы айтылды.

Университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламалары жайлы толық ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, заман талабына сай білім беру процесі, жаңа және сұранысқа ие мамандықтар мен оқуға қабылдау ережелері жайында толық дерек берілді.

ҰБТ тапсырушы түлектерге емтихан форматы жайлы айтылып, қабылдау кампаниясының мерзімі түсіндірілді. Жиын барысында талапкерлер университетте білім алудың ерекшеліктері, жоғары мектептер мен келешек кәсіп түрін таңдауға қатысты пікірлері мен сауалдарын айтты. Айтылған мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берілді.