Ашық есік күні

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 13-15 наурыз аралығында Талдықорған қаласының жалпы білім беру ұйымдарын бітіруші түлектерге «ашық есік күні» өткізілді. Жиын университеттің №1,2 оқу ғимараттарында өтті. Шараға 700-ден аса болашақ білімгер қатысты.

Кездесу талапкерлерге жоғарғы оқу орны жайлы толық мағлұмат беріп, дұрыс таңдау жасауға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылды. Ашық есік күндерінде қатысушылар университет жүйесімен кеңінен танысты. Оның ішінде құрылымдық бөлімдер жұмысын аралап, жоғары мектептердің тыныс-тіршілігімен танысты. Ғылыми зертханалар, теле және радиостудия, IT орталығы, робототехника және мехатроника зертханасы, жаттығу залы, бокс залы, әскери кафедра, университет бассейні мен арнайы оқу залдарында болды.

Таныстырылым кезінде университеттің білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалар, жастарға арналған мүмкіндіктер жайында анықтама берілді. Сонымен қатар Жетісу университетінің халықаралық бастамалары мен қабілетті буынды демеу жолындағы жұмыстары жайлы айтылды. Талапкерлер жоғары мектептердің ғылыми әлеуетін іс жүзінде көре алды.

Жиынға қатысушылар университет оқытушылары және қызметкерлерімен тілдесіп, білім алуға және оқуға қабылдауға байланысты өз сұрақтарын қойды. Сондай-ақ белсенді білімгерлермен студенттік өмір жайлы еркін сұхбат құрды. Жалпы ашық есік күніне қатысу арқылы оқушылар университетпен жақын танысып, жаңа көзқарас қалыптастырды. Бұл жастардың Жетісу университетінің білімгері болып,  үздіктер қатарын толықтыруға мүмкіндік бермек.