«Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының жетекшісі Есимкулов Бакыт Нүсіпбекұлының 60 жылдық мерейтойы

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде филология ғылымдарының кандидаты, орыс тілі мен әдебиеті мамандарын даярлау бойынша білім беру бағдарламаларының жетекшісі, дәріскер-оқытушы – Есимқулов Бақыт Нүсіпбекұлының мерейлі 60 жылдығына арналған жиын өтті. Жиынды гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Қадыр Рысбеков жүргізді. Алғаш сөз тізгінін алған университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова мерейтой иесіне «Ілияс Жансүгіров» төсбелгісін тақты.

Шара қонақтары, университеттің професорлық-оқытушылық құрамы әріптестеріне жылы лебіздерін арнап, ғылым жолындағы өткен күндерінің естеліктерімен бөлісті. Алпысты еңсерген мерейтой иесін гүл шоқтарымен көмкеріп, иығына шапан жапты.

Бақыт Нүсіпбекұлы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 1988 жылдан бастап қызмет етеді. Ол жоғары кәсіби мамандарды дайындап қана қоймай, шәкірттерінің бойына мейірімділік пен ізгілікті сіңіруді өзінің міндеті деп санайтын құрметті ұстаз. Тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған көптеген мақалалардың, оқу құралдары мен монографияның авторы.