Көрме

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Атырау, Маңғыстау облыстарына нысаналы білім беру гранттары бойынша жоғары білім көрмесіне қатысты. Аталған жиын Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен 21-24 сәуір аралығында Атырау және Маңғыстау облыстарында өтті. Оған еліміздің 42 жоғарғы оқу орны қатысты. Шара мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарының талапкерлеріне арнайы бөлінген нысаналы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.  

Іс-шара аясында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі бойынша  дөңгелек үстел өтіп, ақпараттық науқанды өткізу мәселесі талқыланды. Түсіндіру жұмыстары шеңберінде 22 сәуірде Ақтау қаласы, Достық үйінде және 24 сәуірде Атырау қаласы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектеп бітіруші түлектерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін  жоғары білім көрмесі өткізілді. Кездесуде мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар үшін жоғарғы оқу орындары таныстырылды. Сонымен қатар, атап өткен жиындарда болашақ талапкерлерге Жетісу университетінің басымдықтары, білім беру бағдарламалары және оқуға қабылдау тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ мектеп оқушыларын  2022 жылы  нысаналы білім беру гранттары бойынша Жетісу университетіне оқуға түскен білімгерлермен бейне байланыс арқылы тілдестіріп, университетте білімгерлер үшін жасалған барлық жағдайлар туралы айтылды.

Жетісу университетінің өкілдері Атырау және Маңғыстау облыстарында өткен кәсіптік бағдар беру жұмыстарына да қатысты. Түлектер және ата-аналармен кездесіп, туындаған түрлі сауалдарға жауап берді. Университет жайлы ұсынылған мазмұнды таныстырылым үлкен қызығушылық туындатып, талапкерлермен тұжырымды байланыс орнатылды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектерге барлық имидждік өнімдер ұсынылды.