«РобоЖУ-2023»

19 мамыр күні І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Ғ. Орманов кітапханасында Робототехникадан облыстық деңгейде «РобоЖУ-2023» олимпиадасы өтті. Жастарды оқыту және ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту мақсатында Техникалық ғылымдар жоғары мектебінің робототехника және мехатроника зертханасы ұйымдастырған. Бұл жарыста Жетісу облысының 11 мектебінен 13 команда, яғни 40-тан астам оқушы қатысты. Еске салсақ, университет ректоры Қуат Баймырзаевтың ұсынысымен 2016 жылдан осы уақытқа дейін Жетісу облысының 15 мектебінде «Робототехника» кабинеттері ашылған болатын.

Серпантин байқауында роботтар мәреге дейін лабиринт пен кедергілер сызығынан өтіп, сумо байқауында ереже бойынша екі роботтың бірі екіншісін төңкеріп немесе шеңбер сызығынан сыртқа шығарып тастады.

LEGO Mindstorms EV3 базасы номинациясында бірінші орынға Жансүгіров ауылы, Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясы, «Vertu» командасы ие болса, ал Жаркент қаласы, Еңбекші орта мектебі, «Alpha» командасы 2-ші орынға жайғасты. Жүлделі 3-ші орынды Жаркент қаласы, Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, «CrazyBots» тобы қанжығасына байлап қайтты.

Arduino және Raspberry Pi микроконтроллер базасы номинациясында бірінші және үшінші орынды Жыланды ауылы, дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты «Smart Team» және «Толағай» командалары жеңіп алды. Ал 2-ші орынға Талдықорған қаласы, №28 IT мектеп-лицейі «TKRobotics» командасы ие болды.

Жеңімпаздар бағалы сыйлық, дипломдармен марапатталды.