Алматыға іссапар
2025 жылдың 26 қараша – 10 желтоқсан аралығында ҚР ҒжЖБМ ҒК қаржыландыратын ЖТН AP26197965 «Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі: бейімделу стратегиялары мен интеграциялық тәжірибелері (Жетісу облысының мысалында)» ғылыми жобасы аясында Алматы қаласына іссапар ұйымдастырылды. Жоба жетекшісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Байғабатова Н.Қ., аға ғылыми қызметкерлер PhD Абызова А.М., PhD Абдрахим М.Е. және кіші ғылыми қызметкер Енсеева В.Т. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханада жоба тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, материалдар жинастырды. Іссапар барысында зерттеу тобы 1990-2000 жылдардағы репатрианттардың бейімделу мәселелерін қамтитын, сандық форматта сақталынбаған БАҚ материалдарын анықтап, жинақтады. Сонымен қатар репатриация үдерістеріне қатысты жарияланған архивтік құжаттар мен ресми құжаттар жинақтары қарастырылды. Ғылыми әдебиеттерге тарихнамалық талдау жүргізіліп, осы тақырыпта елімізде қорғалған диссертациялық жұмыстар іріктеліп, зерделенді. Нәтижесінде тың жарияланымдар, ғылыми деректер қамтылған кешенді ақпараттық база қалыптастырылды.




