«Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде» өзіңді қалай ұстау керек?
- Жәрмеңкеге келген бойда қатысушы мекемелердің стендтерінің орналасу ретімен танысып, сізді қызықтыратын жұмыс берушілердің қай жерде отырғанын анықтап алыңыз.
- Есіңізде болсын, кадрлық резерв деген түсінік бәрінде бар, сондықтан түйіндемеңіз болса, таратып беріңіз. Ал, жоқ болса, сауалнама толтырып кетіңіз. Көп жұмыс берушілерде ол бар.
- Қызметке алушы маманнан сізді қызықтыратын мәселелерді сұраңыз, болашақ сұхбаттасу кезінде ол септігін тигізеді.
- Жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптарын сұрап біліңіз. Сіз оларға қаншалықты сәйкес келетініңізді саралаңыз.
- Ірі компаниялар мен мекемелерге, ұйымдарға көңіл бөліп, олар туралы мол ақпарат алуға тырысыңыз. Олар сізді есінде сақтап қалуына күш салыңыз, бәлкім болашақта сізді қызықтыратын жұмыс орны сол компаниядан табылар.
- Ұйымдар мен компаниялардың презентацияларына қатысыңыз, өйткені сол арқылы сіз қажетті ақпараттарды біле аласыз. Ол сізге тек сұхбат кезінде емес, сонымен қатар өз таңдауыңызды жасауға да көмегі тиеді.
- Осындай іс-шараларда болатын тренингтер мен мастер-кластардан қалмауға тырысыңыз, ол сіздің дағдыларыңыздың артуына және өзіңізді көрсетуге мүмкіндік береді.
- Көңіл-күйіңіз көтеріңкі болсын. Көңілсіз, әрі немқұрайлы адам ешкімге ұнай қоймас.
- Белсенді және сыпайы болыңыз. Уақытты босқа өткізбей, өзіңіз үшін көбірек ақпарат алуға тырысыңыз.
Есіңізде болсын, сәттілік Сіздің өз қолыңызда!