Жоба бойынша далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
2025 жылдың 28 қазан – 11 қараша аралығында ҚР ҒжЖБМ ҒК қаржыландыратын ЖТН AP26197965 «Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі: бейімделу стратегиялары мен интеграциялық тәжірибелері (Жетісу облысының мысалында)» ғылыми жобасы аясында Қаратал, Ескелді аудандарында және Текелі қаласында далалық этнографиялық зерттеулер жүргізілді. Зерттеу жұмыстарына жоба жетекшісі, қауымдастырылған профессор Байғабатова Н.Қ., аға ғылыми қызметкерлер Абызова А.М., Абдрахим М.Е. және кіші ғылыми қызметкер Енсеева В.Т. қатысты. Далалық зерттеу жұмыстары барысында зерттеу тобының мүшелері аталған аудандарда тұрып жатқан Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген репатриант азаматтармен сұхбаттар жүргізіп, олардың көші-қон тарихы, тұрмыс-тіршілігі және бейімделу тәжірибелері жөнінде тереңдетілген интервьюлер алды. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдеріндегі жауапты мамандармен репатрианттардың әлеуметтік интеграциясына қатысты сұхбаттар ұйымдастырылды. Аталған жұмыстар нәтижесінде жобаның эмпирикалық негізін құрайтын маңызды материалдар жинақталды. 





