" | "
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Zhansugurov college»

 

Инновациялық үлгідегі «Zhansugurov college» 2018 жылдың қараша айында Жетісу облысы Талдықорған қаласы  І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің құрылымдық бөлімі ретінде ашылды.   
2018-2023 жылдар аралығында колледж директоры қызметін педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мальтекбасов Марат Жабықбайұлы атқарды. 2023 жылдың қазан айынан бастап Ескендиров Бақытжан Нұрсерікұлы директор лауазымына тағайындалды.
Алғашқы түлектерін 2021 жылы шығарған колледжімізде  10 мамандық 16 біліктілік негізінде техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша негізгі (9-сынып) және орта (11-сынып) білім базасында білім беру қызметін іске асырады. 2022 жылы жалпы 140 студент, оның ішінде 75 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде, 2023 жылы 291 студент, оның ішінде 118 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білімдерін алды.
Оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен цифрлық инфрақұрылымы жүйелі жолға қойылған. Колледждің оқу-зертханалық базасы қажет мөлшерде. Мультимедиялық оқу кабинеттері, моноблокты аудиториялар, компьютерлік және тьюторлық сыныптар оқытудың заманауи техникалық құралдарымен жабдықталған.
 Мамандандырылған кабинеттер мен виртуалдық зертханалары, оқу-жаттығу полигондары,  спорт залдары, сурет студияларында студенттердің сапалы білім алуына  жағдай жасалған. 
Колледжде  кітап қоры сандық жеткізгішке меншіктелген электрондық  кітапхана студенттерге үздіксіз қызмет көрсетеді және студенттер оқу үрдісінде университет кафедраларының медиатекалары мен кітапханаларын пайдалану мүмкіндігіне ие.
Бүгінгі таңда «Smart Zhetysu»   платформасы бойынша  колледждің оқу үрдісі: оқу кестесі, оқу-әдістемелік  кешен, электронды кітапхана, оқытушы мен студенттің жеке кабинеттері, электронды журнал қызметі ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда педагогикалық ұжымда 55 педагог, оның ішінде 48 штаттық, 7 қоса атқарушы педагог қызмет етуде. Колледждің педагогикалық қызметкерлердің сапалық құрамын 1 педагогика ғылымдарының кандидаты, 3 педагог-зерттеуші, 2 педагог сарапшы, 14 педагог-модератор, 17 ғылым магистрлері  құрайды.
Ізденістер мен  шығармашылыққа толы WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионаты — колледж дамуының басым  бағыттарының бірі.   Колледжіміз Жетісу облысы көлемінде «Worldskills Қазақстан-2020» аймақтық чемпионатын 3 құзіреттілік бойынша  ұйымдастырған тұңғыш орталық болып табылады. Қазіргі таңда Жетісу облысы бойынша чемпионатты ұйымдастыруды жалғастырып, сонымен қатар жеңімпаз студенттерді даярлау ісін тиянақты жүргізіп келеді. Атап айтқанда   «WorldSkills Kazakhstan 2022» VII Ұлттық кәсіби шеберлік Чемпионатында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша Нурдаулет Аяулым ІІ орын иеленіп, күміс медальға ие болды, және «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша Мұхтарбекқызы Елнұр «Үздік маман» медальон иегері  атанды.
 «WorldSkills Kazakhstan 2023» VIIІ Ұлттық кәсіби шеберлік Чемпионатында «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша Қабланбек Меруерт «Үздік маман» медальон иегері  атанды.
«WorldSkills Kazakhstan 2024» ІХ Ұлттық кәсіби шеберлік Чемпионатында «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша Қабланбек Меруерт  ІІ орын иеленіп, күміс медальға ие болды.
Ұжым ерекше жоғары ынтамен, бүкіл күш-қуаты мен жасампаз мұраттарды алға қойып, білімгерлерді әртүрлі байқауларда шыңдаумен қатар, қала, облыс, республика, халықаралық деңгейдегі кәсіби байқауларға тұрақты қатысады.
«Үздік педагог» байқауында 2022 жылы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Сулейменова А. республикалық деңгейде, ал 2024 жылы Макеева К. облыстық деңгейде «үздік» болып танылды.
Колледждегі атқарылған іс-шаралар мен байқау жеңімпаздары туралы ақпараттармен инстаграмм және фейсбук парақшаларымыз арқылы танысуға болады.