BR27195163«Қазақстанның мемлекеттік қызметінің ұйымдастырушылық мәдениетін трансформациялау архитектоникасы» ғылыми бағдарламасы аясында халықаралық ғылыми іссапар
2025 жылғы 16–27 қараша аралығында BR27195163«Қазақстанның мемлекеттік қызметінің ұйымдастырушылық мәдениетін трансформациялау архитектоникасы» ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Сингапур және Малайзияның жетекші білім беру және ғылыми-зерттеу орталықтарына ғылыми іссапар жасалды.
Оның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеу, ғылыми конференцияға қатысу, сондай-ақ әріптестік байланыстар орнату.
Ғылыми сапар барысында келесі ұйымдар қамтылды:
- Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі (Lee Kuan Yew School of Public Policy, NUS);
- Сингапур ұлттық университетінің Орталық ғылыми кітапханасы;
- Тұрақты даму білімін зерттеу халықаралық қоғамы (International Society for Sustainable Education Research, ISSER), Сингапур;
- Advance Tertiary College (ATC), Джорджтаун қаласы, Пенанг штаты, Малайзия.
Іссапар барысында жүзеге асырылған жұмыс бағыттары:
- Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасы, көшбасшылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған оқу бағдарламалары мен ғылыми жобаларын зерттеу;
- Сингапур ұлттық университетінің Орталық ғылыми кітапханасында мемлекеттік қызмет, институционалдық реформалар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша ғылыми және құқықтық әдебиеттерді талдау;
- «ICPPA-25» халықаралық мемлекеттік саясат және басқару конференциясына қатысу (Сингапур, 19–20 қараша 2025 ж.);
- Малайзиядағы Advance Tertiary College (ATC) оқу бағдарламаларымен, оның ішінде құқық және мемлекеттік басқару саласындағы практикалық бағыттағы оқыту әдістемелерімен танысу;
- Сингапур және Малайзияның ғылыми және академиялық мамандарымен кездесулер, консультациялар өткізу арқылы мемлекеттік қызметтің ұйымдық мәдениеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялар және кадрларды даярлау тәжірибесімен танысу.
International Society for Sustainable Education Research (ISSER)» ұйымдастырған «ICPPA-25» конференциясы аясында зерттеу тобының мүшесі Л.Т. Жанузакова «Ethical standards of public service in the Republic of Kazakhstan» тақырыбында ғылыми баяндамасын ұсынды. Зерттеу тобының мүшелері Б.А. Тайторина және А. Алимбетова ғылыми талөылауларға белсенді қатысты. Конференция қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, шетелдік әріптестер тарапынан оң баға берілді.
Іссапар барысында Сингапур мен Малайзияның халықаралық тәжірибесі мына бағыттар бойынша салыстырмалы түрде талданды: мемлекеттік қызметтің трансформациясы, ұйымдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, институционалдық реформаларды құқықтық қамтамасыз ету, қоғамдық басқаруды цифрландыру және тиімділігін арттыру.
Халықаралық ғылыми іссапар жоғары ғылыми және практикалық тиімділікті көрсетті. Қазақстанның ғылыми бағыттарын халықаралық деңгейде насихаттауға, сондай-ақ отандық құқықтану ғылымының Азия аймағындағы позицияларын нығайтуға ықпал етті. Алынған нәтижелер Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің ұйымдық мәдениетін трансформациялау саласында практикалық мәнге ие.
