2024 жылғы 22 мамыр І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» іс-шарасы өтті.
Жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жұмыс берушілер мен бітіруші түлектер арасында еркін диалог алаңын қалыптастыру. Университет қабырғасында жәрмеңке дәстүрлі түрде жылына екі рет өтеді. Жәрмеңке нәтижесінде бітіруші түлектер өздеріне керекті жұмыс орындарымен танысып, жұмысқа орналасады. Өткен жылғы жәрмеңке нәтижесінде университет түлектерінің 89%-ы жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі өткізілген жәрмеңкеде академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Кыдырбаева Галия Турыспаевна іс-шараға келген жұмыс берушілерге алғыс айтып, студенттерді мансап жолындағы алғашқы қадамдарымен құттықтады. Шарада мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Тарақ Самғат Бағланұлыға сөз беріліп, мемлекеттік қызметке орналасу туралы ақпарат беріп, артықшылықтарын, жұмысқа қабылдау барысындағы талаптарын және бос жұмыс орындары туралы айтып өтті.
Оқу орнында дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын жәрмеңкеге 50-ден аса мемлекеттік және жеке меншік мекеме ұйымдардың өкілдерімен 600-ге жуық түлек қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және жеке меншік мекеме, ұйымның өкілдері және балабақша, мектеп, колледждердің басшылары, сондай-ақ өңірдің банк ұйымдары, ҚР сот әкімшілігінің Жетісу облысы бойынша департаменті, Жетісу облысы прокуратурасы, Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Жетісу облысы бойынша экология департаменті, Алматы және Жетісу облыстары және Алматы қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті, Жетісу облысы мамандырылған күзет басқармасы, Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жетісу облысы бойынша филиалы, Жетісу облысының полиция департаменті, Жетісу облысының Әділет департаменті, Жетісу облысының нотариаттық палатасы, Жетісу телеарнасы, Жетісу газетінің басшылары шақырылды. Іс-шараға қатысқан жұмыс берушілер тарапынан 200-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар алдын-ала жүргізілген ынтымақтастық байланыстар аясында Жетісу университетінің бітіруші түлектеріне облыстың түкпір-түкпірінен бос жұмыс орындары сұраныс хат арқылы келген болатын. Жәрмеңкеге келген жұмыс берушілер бітіруші түлектермен ашық сұхбаттасып, өз кезегінде жұмысқа қабылдайтындықтары туралы мәлімдеді.