Мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбекұлымен кездесу

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде белгілі мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбекұлымен кездесу өтті.

Жиынды жүргізген Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев қоғам қайраткерінің өмір жолына қысқаша тоқталып, студенттерге мағлұмат берді.
«Мырзатай Жолдасбекұлы өздеріңіз білім алып жатқан шаңырақ — Жетісу университетінің іргелі білім ордасына айналуына көп қызмет еткен ғалым. 1977 – 1987 жылдары сол кездегі Талдықорған педагогика институтының ректоры болып, білім ордасына Ілияс Жансүгіров есімінің берілуіне, осындағы ақын музейінің ашылуына көп үлес қосты» — деп қайраткердің білім ордасына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Мырзатай Жолдасбекұлы өткен күндерден естелік айтып, оралмас шақтарын сағынышпен еске алды. Жетісу университетінің тарихына тоқталып, республикада өзіндік орны бар екенін айтты. Ұлт мүддесін жоғары қоятын қайраткер студент жастарға арлы, білімді, мейірімді болыңдар деп өсиет айтып, батасын берді.
«Темірқазықтай жол көрсетіп, тұлға болып қалыптасуымызға ықпал еткен басшымыз», — деп Мұса Бисенкулов, Серікбол Шыныбаев, Алтын Бакрадинова сынды шәкірттері ортаға шығып ұстаздарына алғысын жаудырды.

Шара соңында университет ректоры Ермек Бөрібаев мәртебелі мейманға «Ілияс Жансүгіров» төсбелгісін тағып, иығына шапан жапты.
Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев бұл күннің тарихи оқиға екенін айтып, Жетісу жұртшылғы атынан алғыс білдірді.

#SDG #ЦУР #ТДМ