Еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қанат Шоңырақовқа құрмет көрсетілді

7-13 қазан күндері Хорватияның Пореч қаласында ардагерлер арасында еркін күрестен  әлем чемпионаты өтті.  Байрақты бәсекеде І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті спортклубының   жаттықтырушысы Қанат Шоңырақов 70 келі салмақта күресіп, II орынға ие болды.

Бүгін университет ұжымы мен студенттері күміс жүлдегер Қанат Ұзақұлына құрмет көрсетіп, арнайы жиын өткізді. Басқарма мүшесі-әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев ел намысын әлемдік чемпионатта қорғап, Жетісу облысының  абыройын асқақтатқаны үшін Қанат Шоңырақовқа алғыс айтты.

«Қанат Ұзақұлы университет қабырғасында көптеген Азия чемпиондарын, ҚР чемпионатының жеңімпаздары мен  жүлдегерлерін дайындады. Өзі Жетісу университетінің түлегі. Еркін күрестен спорт шебері, жоғарғы санаттағы жаттықтырушы, университетте еркін күрестің дамуына үлкен үлес қосып жүрген  спортшы»-деді проректор.

Ардагерлер алқасының мүшесі Дүйсен Аңсабаев жүлдегерге арнап өлең оқып,  бата берсе, ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Катенов, Нұрлан Ақашев, спортклуб төрағасы Берік Битілеуов жылы лебізін білдірді.  Қанат Ұзақұлының әріптестері мен шәкірттері де жиынға қатысып спортшыны құттықтады. 

Шара соңында проректор Болат Абдулдаұлы күміс жүлдегерді  «Спорттағы жетістігі үшін» медалімен марапаттады.

#SDG #ЦУР #ТДМ