Гуманитарлық факультеттің 2024-2025 оқу жылына арналған ғылыми жұмысы жөніндегі жоспарына сәйкес 31-қазанда журналистика кафедрасының оқытушы-дәріскері Ілескен Әлбатырұлы журналистика мамандығының студенттеріне «Тележүргізушінің шеберлігі мен ұстанымы» тақырыбында ғылыми семинар өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ тележүргізушілерге кәсіби дағдыларды дамытуға көмектесу және оларға саланың қыр-сырын ашу.
Тележүргізуші негізгі ақпаратты анық және дәл жеткізуге жауапты. Ол қоғамдық маңызды жаңалықтар, оқиғалар мен үрдістер туралы білім мен ақпарат таратушы рөлін атқарады. Семинар барысында тележүргізуші болудың маңызы мен жауапкершілігі туралы сөз қозғалды.
Журналист аудиториямен тікелей қарым-қатынас орнатып, олардың сұрағын қабылдап, пікірін білдіруіне мүмкіндік береді. Бұл көрерменмен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық талқылауларға қатысуға жол ашады. Мәселен, көрерменге ақпаратты дәл әрі сенімді түрде жеткізу, хабарды әрлеу тәсілдері, көрерменмен байланыс орнату сияқты әдістер ерекше назарға алынды.
Тележүргізушінің негізгі функциялары мен міндеттеріне ақпарат жинау, өңдеу, аудиторияны қызықтыру, қоғамдық пікір қалыптастыру жатады. Осы жөнінде студенттер белсенді түрде сұрақ қойып, кеңес алды. Семинар соңында практикалық жаттығу жүргізіліп, студенттер камера алдында сөйлеу және сұхбат жүргізу дағдыларын дамытты.
Тележүргізушінің кәсіби даму үшін үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Тұрақты түрде білім алу, тәжірибе жинап, алмасып отыру тағы басқа шығармашылық ізденістер маман ретінде дамуға жол ашады және мүмкіндік береді. Ғылыми семинар болашақ тележүргізушілер үшін зор тәжірибе болды. Семинарға қатысқан оқытушылар да сабақты жоғары бағалап, мұндай іс-шаралардың студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдауға үлес қосатынын атап өтті.