Ғылыми үйірмелердің бейнебайқауы: қорытындылау

Педагогика және психология факультеті студенттерінің ғылыми-зерттеу қызметі нәтижелері бойынша бейнеайқауы ұйымдастырды. Байқау қорытындысы бойынша студенттік ғылымның дамуына зор үлес қосқан үздік ғылыми үйірмелер мен проблемалық топтар анықталды.

«Smart» ғылыми клубы («Арнайы педагогика» ББ)

Смарт клуб студенттердің зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін жыл бойы белсенді жұмыс істейді. Қатысушылар жеті ғылыми мақала жариялап, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқаны үшін сертификаттар алды. Сонымен қатар, клуб студенттері республикалық ғылыми зерттеу жұмыстары байқауына қатысуға дайындалуда.

«Жас психолог» ғылыми үйірмесі («Педагогика және психология» ББ)

Үйірме жұмысы аясында келесі бағыттар жүзеге асырылды: Тренингтер мен семинарлар – коммуникативті дағдыларды, эмоционалдық интеллект пен психологиялық көмек көрсету әдістерін дамыту бойынша сабақтар өткізілді; Конференциялар мен байқаулар – үйірме мүшелері халықаралық ғылыми конкурсқа қатысып, үш мақала жариялады; Практикалық сабақтар – студенттер нақты жағдайларды талдау әдістерін, кеңес беру және кәсіби рөлдік ойындарды меңгерді.

«Балалардың сөйлеу әрекетін дамыту» ғылыми проблемалық топ («Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» ББ)

Топтың зерттеулері мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларын әлеуметтендіру мәселелеріне арналған. Жұмыс барысында балалардың коммуникативті дағдыларының диагностикасы жүргізілді, қарым-қатынастағы кедергілер анықталды, психологиялық портреттер құрастырылды. Жасалған ойындар, жаттығулар мен әдістер балабақшалар мен бастауыш мектептердің оқу тәжірибесіне енгізілді. Сондай-ақ, топ халық ойындарынан шеберлік сыныбын ұйымдастырды. Зерттеу нәтижелері республикалық конкурсқа ұсынылып, бес ғылыми мақала жарияланды. Факультеттік студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы конкурсы бойынша 1 орынға ие болды.