І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті гуманитарлық факультетінің журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен «Қауырсын қалам» шеберлік сыныбы өтті. Тағылымда шараға ҚР Ақпарат саласының үздігі, Жетісу облыстық газетінің директорының орынбасары Ришад Тұрғанбай мен ҚР Журналистер одағының мүшесі Еңлік Бауыржанқызы қонаққа келді. Қос қаламгер қазіргі журналистиканың өзекті мәселесі туралы ой өрбітіп, болашақ журналистердің кәсіби дамуына бағыт-бағдар берді.
Кездесуде мамандық таңдаудың маңызы мен журналистикадағы құзыреттілік деңгейін арттыру жолдарын талқыланды. БАҚ-тағы тың бағыт пен заманауи ақпарат таратудың тиімді әдісі жайлы кеңес беріліп, білімгерлердің шығармашылық мүмкіндігі мен өзін дамытудың жолы да қадап айтылды.
Сырлы сұхбат барысында ЖҚ411 топ білімгерлерінің туындысы топталаған «Арпалыс» кітабының тұсауы кесілді. Кафедра тарихындағы алғашқы еңбек І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-дәріскері, магистр Ілескен Әлбатырұлының бастамасымен жүзеге асты. Білікті маман өз сөзінде шығармашылық ұжымның осы кітапты жазу жолындағы атқарған жангештілігін атап өтіп, студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруда мұндай шаралардың аса маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Шара соңында ЖҚ212 мен ҚБҚ111 топ студенттердің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Болашақ журналистер қаламгерліктен тыс ән айтып, күй шертіп, би билеп ерекше өнерлі екендіктерін тағы бір рет дәлелдеп берді. Шығармашылық даму мен тәжірибенің толысуына әсер ететін тағылымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.


