Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Ғылым декадасы аясында өткен мерекелік жиында Басқарма төрағасы-ректор Ермек Бөрібаев университет қызметкерлері мен ғалымдарын ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады. «Ғылым қызметкерлері – университеттің жаны мен жүрегі. Олардың ашқан жаңалықтары, жұмыстарының нәтижесі – университеттің барлық жетістіктерінің негізі. Қазіргі кезде Жетісу университетінде 13 ғылым докторы, 86 ғылым кандидаты және 32 PhD докторы қызмет атқарады. Олар педагогикалық қызметімен қатар ғылыми жұмыспен де айналысып, екі саланы қатар алып келеді», – деді ректор.

Кәсіби мереке қарсаңында ғылым және жоғары білім саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, Ғылым және жоғары Білім министрлігінің және Ректордың Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шараға арнайы келген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірлік ғылымды дамытып жүрген ғалымдарды кәсіби мерекесімен құттықтап, облыс басшысының алғысын жеткізді.

«Мемлекеттің тікелей қамқорлығының арқасында өңірлердегі ғылым мен білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Осы орайда Жетісу университеті ғалымдарының үлесі зор. Өңіріміздің игілігі үшін бірлесе атқарған еңбегіміз жемісті болсын»,- деді Марлен Қапашұлы.

Сондай-ақ, Ғылыми саладағы қажырлы еңбегі мен қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев, Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуат Баймырзаев, э.ғ.д., профессор Данияр Калдияров, п.ғ.д., профессор Сабыркуль Сеитова, п.ғ.д., профессор Хапиза Наубаева Жетісу облысы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиын университет өнерпаздары ұйымдастырған мерекелік концертке ұласты.

#SDG #ЦУР #ТДМ