«Таза Қазақстан – Таза аймақ»

2025 жылдың сәуірдің  17 -сі  ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект кафедрасының оқытушы-дәріскері Мейрамбек Ә. М. АЖҚ-211 тобының студенттерімен бірге «Таза Қазақстан – Таза аймақ» атты кураторлық сағат өткізді. Іс-шара елімізде кең көлемде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – студенттерге экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны аялау, табиғатты қорғау жөніндегі жауапкершілікті ұғындыру, сондай-ақ жас ұрпақты экологиялық саналы тұлға ретінде тәрбиелеу болды.

Іс-шара барысында студенттерге Қазақстандағы экологиялық жағдай, табиғатты қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жасыл бастамалар туралы мағлұмат берілді. Сонымен қатар, «Таза аймақ» ұранымен ұйымдастырылып отырған бұл шараның қоғам өміріндегі рөлі мен маңыздылығы талқыланды.

Кураторлық сағат интерактивті форматта өтіп, студенттер белсенді түрде ой бөлісті, экологияға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, қоршаған ортаны қорғау бойынша ұсыныстарын білдірді. Шара соңында студенттер табиғатты таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті екенін түсініп, бұл бағыттағы жеке жауапкершілікті сезінді.

Мұндай іс-шаралар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың табиғатқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге ықпал етеді.