

Жетісу университетінде «The Prospective Ways of Cooperation in the Field of Education and Science» тақырыбында семинар өтті. Оған Камерино университетінің өкілдері Moira Aureli, Emanuele Tondi, Carlo Lucheroni, Francesco Casale және Басқарма Төрағасы-Ректор Ермек Бөрібаев қатысты.
Семинарда Камерино университетінің халықаралық қатынастар бөлімінің қызметкері, доктор Moira Aureli «Тағылымдамадан өтуге арналған Erasmus ұтқырлығы: UNICAM» бойынша презентация жасады. Ал UNICAM проректоры, профессор Emanuele Tondi және доктор Tiziano Volatili геология және мұнай саласындағы ғылым жайында қызықты баяндама оқып, тәжірибелерін ортаға салды. Профессор Carlo Lucheroni университеттің Ғылым және технологиялар кафедрасы туралы жалпы ақпарат берді. «ЖИ және жоғары білім. Технологиялар трансфері» жайлы заң факультетінің профессоры Francesco Casale презентация жасады. Камерино университетінен келген ғалымдарға Жетісу университетін халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Талғат Қилыбаев таныстырды. Семинар барысында екі тарап Erasmus+ бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін және бірлескен қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты жандандыру мәселелерін талқылады.
«Жетісу университеті — біз жетекшілік ететін Erasmus+ бағдарламасы аясында “5+1”, яғни осы халықаралық бағдарламаға мүше Орталық Азияның бес ЖОО бірі. Біздің мақсатымыз білім беру, ғылыммен айналысудың өзара ең тиімді тетіктерін қарастыру және екі жаққа да пайдалы ынтымақтастық шеңберін кеңейту. Осы орайда біз әріптестерімізбен Жетісу универсиетіне келуді жоспарлап, оның ресурстық базаларын көруге, академиялық қауымдастықпен танысуға ниет білдірдік»-деді Камерино университетінің проректоры, профессор Emanuele Tondi.
Италиялық делегация семинардан соң Марке политехникалық университеті филиалында орналасқан заманауи зертханалармен, сонымен қатар speed breeding технологиялық жобасымен, STEM-зертхана мүмкіндіктерімен танысты.
Еске сала кетейік, Жетісу университеті 2024 жылдың жазында Камерино университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойып, Erasmus + Key Action 171 бағдарламасын іске асыру туралы келісімге келген болатын.
Осы бағдарлама аясында магистрант Ілияр Әбдухайыров 2025 жылдың наурызынан Камерино университетінде білім алып жатыр. Erasmus + бағдарламасын іске асыру шеңберінде Камерино Университетінің докторы Flavio Stimilli студенттерге «Экологиялық дизайн әдістері» пәні бойынша дәріс оқып, практикалық сабақтар өткізді.
#SDG #ЦУР #ТДМ

