ҚР Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесу кестесі аясында Болат Керімбек І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымымен кездесті. Университет ректоры Ермек Бөрібаев халық қалаулысы Болат Бақбергенұлының өңірге келу сапарын түсіндірді.
Болат Керімбек Жетісу университетінің түлегі екенін мақтанышпен жеткізіп, мәжіліс депутаты ретінде атқарып жатқан қызметіне тоқталды. Жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Парламенттің заң шығарушы орган ретіндегі рөліне, қолданыстағы және қабылданып жатқан заңдардың қажеттілігіне талдау жасады. Халықтың әлеуметтік жағдайына, жастардың білім мен ғылымға ден қоюына жасалып жатқан зор мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндады. Кездесу барысында жетісулық оқытушы — ғалымдардың ұсыныс пікірлерін тыңдады. Құқық саласының ардагері, оқытушы Болат Молдабеков жастардың құқықтық мәдениетін ерте жастан қалыптастыру үшін мектеп бағдарламасына «құқықтық мәдениет» пәнін енгізу туралы ұсынысын айтты. Тарих ғылымдарының кандидаты Ержан Буланов ішкі туризмді дамыту мақсатында Жетісу өңірінің кейбір ескерілмей қалған тарихи маңызы бар, киелі жерлеріне мән беруді өтінді. Мәжіліс депутаты бұл мәселерді назарға алатынын айтты.
Жиынды қорытындылаған ректор Ермек Бөрібайұлы білім беру, ғылыми, әлеуметтік бағдарламалар мен университеттік жобаларды қолдау үшін қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Эндаумент қорын құру туралы жоспарымен бөлісіп, келелі кездесу үшін Болат Бақбергенұлына алғыс айтты.
#SDG #ЦУР #ТДМ

