











Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің колледжінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында «Нашақорлыққа – жол жоқ!» акциясы өтті.
Шараға Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев, Жетісу облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Меруерт Искакова, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Өз сөзінде Болат Абдулдаұлы жастардың бойында дені сау әрі саналы өмір салтына деген көзқарасты қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Есірткі – адамның болашағын жоятын, қоғамға қауіп төндіретін індет.
Сондықтан әрбір жас өз өміріне жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы қажет», – деді проректор.
Ал Меруерт Искакова Жетісу облысында жастар арасында тіркелген есірткі қылмыстарының азаймай отырғанын атап өтіп, бұл мәселенің қоғам үшін аса өзекті екенін жеткізді.
Акция барысында студенттер «Біз есірткіге қарсымыз!», «Есірткіден аулақ бол!», «Өміріңді таңда!», «Салауатты өмір – сенің таңдауың!» деген ұрандар жазылған плакаттармен ортаға шығып, өз ұстанымдарын білдірді.
Есірткіден аулақ болуға үндеу мазмұнында өнер көрсеткен белсенді студенттерге Жетісу облысы Полиция департаменті атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
#SDG #ЦУР #ТДМ

