
2025 жылы 22 қазанда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Гуманитарлық факультетінде Швейцарияның Цюрих университетінің Әлеуметтік антропология және мәдени зерттеулер департаменті профессоры, доктор Петер Финкенің ашық дәрісі өтті. Дәріске факультеттің Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы және 7М01601 – «Тарих» білім беру бағдарламасының магистранттары қатысты.
Дәрісте шетелдік ғалым өзінің ғылыми ізденістері мен жүргізіп жатқан ғылыми жобалары туралы айтып, дәріс тыңдаушыларына гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар жүйесіндегі заманауи ғылыми тенденциялар мен өзекті халықаралық зерттеулер туралы кеңінен ақпарат берді. Ашық дәріс барысында профессор Петер Финке әлеуметтік антропология ғылымының қазіргі бағыттары мен оның Орталық Азия, соның ішінде Қазақстанға қатысты ғылыми проблемаларды зерттеудегі маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сонымен қатар профессор П. Финке ғылыми ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, магистранттар мен жас ғалымдарды халықаралық зерттеу жобаларына белсенді қатысуға шақырды. Кездесу соңында қатысушылар профессорға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.



