«Зиялылардың нақыл сөздерін сәйкестендіру» – рухани мұраны ұлықтаған танымдық шара

2025 жылдың 5 қарашасында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өткен Тарих апталығы аясында «Зиялылардың нақыл сөздерін сәйкестендіру» атты танымдық шара ұйымдастырылды. Шараны Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері бірлесіп өткізді.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының көрнекті зиялыларының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, олардың өнегелі ойларын жастардың санасына сіңіру болды. Қатысушыларға қазақ тарихындағы белгілі тұлғалардың нақыл сөздері ұсынылып, сол сөздерді өз авторларымен сәйкестендіру тапсырылды.
Бұл ойын түріндегі формат студенттерге ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және басқа да зиялы қайраткерлердің қанатты сөздерін еске түсіріп, өз білім деңгейін байқатты.
Белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталды. Шара жоғары рухта өтіп, студенттерге ұлттық сана мен тарихи жадтың маңызын ұғындырды. Осындай іс-шаралар жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді.