











14 қараша күні І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары «Ұлттық диктант» республикалық жобасы аясында университет студенттеріне диктант жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастардың жазу сауаттылығын арттыру және тіл мәдениетін нығайту.
«Ұлттық диктант» – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, азаматтардың сауатты жазу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жалпы республикалық мәдени-ағартушылық жоба. Бұл бастама сауатты жазудың тек білім көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен мемлекеттік тілге деген құрметтің айқын көрінісі болып табылады.
Диктант барысында студенттер қазақ тілінің орфографиялық және пунктуациялық нормаларын меңгеру деңгейін көрсетіп, өз білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдады. Кафедра оқытушыларының айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың тілдік құзыретін дамытуға, мемлекеттік тілге деген ынтасын арттыруға және жазу мәдениетін қалыптастыруға елеулі ықпал етеді.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттердің белсенді қатысуымен өтті. Кафедра ұжымы алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған оқу-ағартушылық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
#SDG #ЦУР #ТДМ

