Ш. Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған кездесу

Жетісу университетінде ұлы ғалым, этнограф, саяхатшы және қазақтың халық дипломаты Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған кездесу кеші өтті.

Іс-шараға «Россотрудничество» қоғамдық қорының басшысы М.Симакова, «Туран ТВ» телеарнасының бас директоры Р. Ботабеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі И.Иминов, белгілі режиссер А.Никулин, Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейі филиалының меңгерушісі М.Рахатова сондай-ақ гуманитарлық факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кездесуге арнайы келген қонақтарды ректор Ермек Бөрібаев қарсы алып, Шоқан Уәлиханов мұрасы Орталық Азиядағы гуманитарлық ғылымдар мен мәдениетаралық диалогтың дамуына әлі де маңызды үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Іс-шара барысында М.Симакова «Ресей және Орталық Азия: тарих және мәдениет» атты кітапты таныстырып, Жетісу университетінің музейіне сыйға тартты. Бұл басылым өңір халықтарының достық, мәдени және гуманитарлық байланыстарының дамуына арналған хронологиялық жинақ. Кітаптың алғашқы бетінде Шоқан Уәлихановтың бейнесі орналасқан, бұл оның халықтар арасындағы өзара түсіністі нығайтуға қосқан үлесін айрықша айқындайды.

Кездесуге келген қонақтар қазақстандық ғалымдардың Шоқан Уәлихановтың ізімен Қашғарға жасаған бірегей экспедициясына ерекше назар аударды. Зерттеу тобы XIX ғасырдағы сапар бағытын қалпына келтіріп қана қоймай, Уәлиханов еңбек еткен тарихи-мәдени контексті түсінуге, сондай-ақ өңірдің соңғы бір жарым ғасырдағы өзгерістерін көруге талпынған. Экспедиция барысында ғалымдар Уәлиханов сипаттаған негізгі тарихи орындарды, дәлірек айтсақ, Айтках мешіті, базарлар, Алтышаһардың көне қалалары, сондай-ақ Хотан, Жәркент және Атуш аймақтарын аралаған.

Шоқан Уәлиханов мұрасы ғылымдағы батылдықтың, гуманитарлық көзқарастың және шынайы патриотизмнің айқын үлгісі болып қала береді. Оның еңбектері Қазақстан мен әлем зерттеушілерін осы күнге дейін рухтандырып келеді.

#SDG #ЦУР #ТДМ