«Қазақ» атауы мен «Қазақ хандығы» ғылыми терминіне қатысты дөңгелек үстел

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Қазақ» атауының қайтарылғанына және «Қазақ хандығы» терминінің ғылыми айналымға енгеніне 100 жыл толуына байланысты ғылыми дөңгелек үстел өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – қазақ халқының тарихи мұрасын, ұлттық сана мен тарихқа деген көзқарасты зерттеу, сонымен қатар «Қазақ» атауы мен «Қазақ хандығы» терминінің ғылыми және мәдени салалардағы маңыздылығын талқылау болды.

Ғылыми дөңгелек үстелге шетелдік және отандық ғалымдар қатысып, өз пікірлерін білдірді. Алғашқы спикер ретінде Жапония, Токио шетел тілдері университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы «Қазақ хандығы және оның жазба мұралары» атты тақырыпта арнайы баяндама жасады.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының академигі Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы «Қазақ атауының мәні мен мазмұны және олардың тарихи эволюциясы» атты тақырыпта және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, тарих ғылымдарының кандидаты Буланов Ержан Олжабайұлы «Қазақ» этнонимінің этимологиясы» тақырыбында баяндамалар жасады.

Аталған шараға қазақстандық түрлі жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты Есбай Амангелді де қатысып, «Қазақ» атауының қайтарылғанына және «Қазақ хандығы» терминінің ғылыми айналымға енгеніне 100 жыл толуына байланысты ойларымен бөлісті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тарихи терминдердің қоғамдағы рөлі мен ғылыми айналымдағы орнына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, болашақ зерттеу бағыттарын айқындады. Сондай-ақ, бұл шара студенттер мен магистранттарға, жас ғалымдарға ғылыми тәжірибе жинауға, тарихи зерттеулерге деген қызығушылықтарын арттыруға және академиялық ортада өз пікірлерін білдіруге ерекше пайдалы болды.

#SDG #ЦУР #ТДМ