Халықаралық семинар

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Жаратылыстану-техникалық факультеті, экология және ауылшаруашылық ғылымдары кафедрасының ұйымдастыруымен «Климаттық және технологиялық өзгерістер жағдайындағы аграрлық зерттеулердің өзекті бағыттары» тақырыбында халықаралық семинар өтті.

Семинарды Басқарма Төрағасы – Ректор з.ғ.д., профессор Ермек Бөрібаев ашты. Ол өз сөзінде аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюі университеттің стратегиялық даму бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті.

«Марке университетімен бірлескен бағдарлама аграрлық саладағы кадрларды халықаралық стандартқа сай даярлауға мүмкіндік береді. Климаттық және технологиялық өзгерістер жағдайында агрономдардың дағдысы мен білімін жаңарту — маңызды міндет. Біз студенттер үшін әлемдік деңгейде білім алуға жол ашуды жалғастырамыз» — деді ректор.

Халықаралық семинардың мақсаты – климаттың жаһандық өзгеруі мен ауыл шаруашылығындағы цифрлық-технологиялық трансформацияның ықпалын ескере отырып, аграрлық ғылымның жаңа бағыттарын талқылау, заманауи зерттеу әдістерін енгізу және халықаралық ғылыми қауымдастық арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету. Семинар барысында климатқа төзімді ауыл шаруашылығы, жаһандық экологиялық қауіптер, агротехнологиялық инновациялар, жасанды интеллект пен деректер талдауының аграрлық сектордағы рөлі сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, ортақ зерттеу жобаларын бастау мүмкіндіктерін ақылдасты.

Семинар барысында философия докторы, қауымдастырылған профессор Gianluca Brunetti, философия докторы Rasheed Awais, Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған орта саласының докторы Simone Piancatelli, философия докторы, қауымдастырылған профессор Marco Peter Feretti, Жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы т.ғ.д., профессор Е. Андасбаев, Экология және ауыл шаруашылық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі б.ғ.к., Ж. Канағатов, оқытушы-дәріскер а/ш.ғ.к., М. Орманбетов, PhD, оқытушы-ассистент Ә. Бәкірова баяндама жасады.

#SDG #ЦУР #ТДМ