ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ НҰРЖАН ЖАЛАУҚЫЗЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, отандық медиа саласына елеулі үлес қосқан белгілі журналист әрі медиа-менеджер Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова «Журналистика» мамандығының студенттерімен кездесу өткізді. Қазақ радиосында, ҚР Президенті Баспасөз қызметінде, «Интерньюс» халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінде, сондай-ақ «31», «Қазақстан» және «Алматы» телеарналарында ұзақ жыл еңбек еткен Нұржан Жалауқызы – қоғамдық ойға серпін берген терең талдаулары мен өткір мақалалары арқылы танылған, кәсіби этиканы берік ұстанып, әр сөзін жауапкершілікпен жазатын, өз ісіне адал медиамаман.
​Жиынға шақырылған құрметті қонақтар қатарында журналист, продюсер, «Nar Media Group» продакшн-компаниясының жетекшісі Нартай Өтеген, Жетісу облысы әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі Айгерім Ағылтаева, Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисті Қуаныш Серікханов болды.
​Дөңгелек үстел барысында студенттер кәсіби бағыттағы сұрақтарын қойып, отандық телеарналардың даму тарихы, медиа кеңістіктегі жаңа үрдістер, журналистің жауапкершілігі мен шеберлігі жайлы кең көлемде пікір алмасты. Аға буын мамандар болашақ журналистерге кәсіби жетілудің жолдары, ақпараттың сапасын арттыру, медиа менеджмент пен телеөнім өндірудің қыр-сыры жөнінде маңызды кеңес берді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, тәжірибелі мамандардың кәсіби пікірін тыңдау арқылы салаға деген қызығушылықтарын арттырды. Кездесу соңында белсенділік танытқан студенттерге Нұржан Жалауқызының «Медиаменеджер» атты кітабы мен телерадиокорпорациялар шығарған өнімдерді естелік ретінде табысталды.
​Аталған кездесу жас журналистер үшін тәжірибе алмасудың маңызды алаңы болып, өңірлік медиа көшбасшыларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Шара студенттердің мамандыққа деген ынтасын күшейтіп, болашақ кәсіби жолын айқындай түсті.