ӘДЕБИЕТ АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

Гуманитарлық факультет Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен ұлы ақын А.Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Адамзаттың Абайы» атты апталықтың ашылуы өтті. Апталықтың ашылуында білімгерлер ақынның әнін хормен орындап, бимен көркемдеп, өлеңдерін оқыды. Қазақы үлгіде киінген білімгерлер ұлттық мәзір ұсынды.

Апталық бағдарламасына сәйкес кафедраның ардагер-ұстазы болған ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) Қ.Сарбасова дәстүрі бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының  1-курс білімгерлері арасында «Сауаттылық сыны» атты диктант жазу шарасы өткізілді. 100-ден астам білімгер қатысқан диктант мәтіні М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан алынды.

Апталық аясында «Жазушымен сұхбат» тақырыбында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының  4-курс білімгерлері «Алтын қалам», «Алтын тобылғы», «Алтын тұғыр» әдеби сыйлықтарының жеңімпазы, жазушы Е.Айдабосынмен жүздесті. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесу барысында Жетісу әдебиеті өкілінен соны ақпарат алған білімгерлер жазушының «Ұлыма» хикаятын талдап, жазушы-оқырман арасындағы қарым-қатынастың үлгісін көрсетті.

Апталық аясында бас оқу ғимаратының ішкі фойесінде  поэзияны жаны сүйеті білімгерлер мен тыңдармандар үшін «Поэтикалық дуэль» өткізілді. Дуэльге «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология», «Журналистика» білім беру бағдарламаларының білімгері қатысты. Поэтикалық дуэльде жүзден жүйрікті анықтау үшін әділқазы ретінде ақын, республикалық мүшайралардың жеңімпазы, журналист Асыл Сұлтанғазы шақырылды.

Апталық аясында іс-шаралар жалғасын таппақ.

#SDG #ЦУР #ТДМ