













Көрнекті ғалым, әдебиеттанушы әрі қоғам қайраткері Темірбек Қожакеевтің туғанына 100 жыл толуына орай Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Қожакеев әлемі» атты республикалық байқау ұйымдастырылды. Рухани-танымдық мәні жоғары бұл шара жас зерттеушілер мен шығармашыл жастардың ғылыми ізденісіне серпін беруді мақсат етті.
Zoom және офлайн форматындағы шараға ғалым-ұстаздың әріптестері, еліміздің жетекші ЖОО-да еңбек етіп жүрген шәкірттері мен жас журналистер қатысты. Сөз алғандар темірдей тәртіп иесі мен талапшыл ұстаз болмысын, ерен еңбектерін жарыса айтып, жастарға әр қырынан таныстырды.
Республикалық деңгейде өткен байқауға еліміздің 7 жоғары оқу орнынан 40 шақты білімгер қатысып, Темірбек Қожакеевтің ғылыми мұрасы, публицистикалық еңбектері мен шығармашылық көзқарасын терең зерделей отырып, үш бағыт бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар өз баяндамалары мен зерттеу жұмыстары арқылы тұлғаның қазақ журналистикасы мен әдеби сынының дамуына қосқан үлесін жан-жақты ашып көрсетті.
Байқаудың қорытынды кезеңі 2026 жылғы 30 қаңтарда өтіп, нәтижелері ғылыми-тәжірибелік конференцияда жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік ғылыми жоба» аталымы бойынша I-орын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Мадина Мәдіге бұйырса, «Ең үздік баспасөз материалы» бойынша I-орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білімгері Мерей Амангелдіге табысталды. «Ең үздік видео материалы» байқауы жеңімпазы Жетісу университетінің 3-курс студенті Бейсенбек Айбек иеленді. Аталған іс-шара Темірбек Қожакеевтің мол мұрасын жас буынға насихаттауға және ұлттық ғылым мен руханиятты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
#SDG #ЦУР #ТДМ











