

















Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мұса Бисенқұлов атындағы аудиторияның салтанатты ашылуы өтті. Шараға ғалымның әріптестері, шәкірттері мен отбасы мүшелері қатысты.
Салтанатты рәсімге университет ректоры Ермек Бөрібаев қатысып, Мұса Қазымұлының жоғары білім мен ғылымды дамытуға, университеттің өркендеуіне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ заманауи үлгіде жабдықталған оқу кабинетін ашуға бастамашыл болған марқұмның жары мен балаларына алғыс айтты.
Мұса Қазымұлы 1979 жылдан өмірінің соңына дейін (2024 жылы қайтыс болды) І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде үздіксіз еңбек етті. 1985 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, аға оқытушы, кейін доцент қызметін атқарды. 1986–1988 жылдары орыс және шетел әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1988–1993 жылдары филология факультетінің деканы болды. 1993 жылдан 2013 жылға дейін орыс тілі және әдебиеті кафедрасын басқарды. 1999 жылдан бастап университеттің академиялық профессоры атанды.
Ғалымның жүзге жуық ғылыми еңбегі, бірнеше оқу құралдары жарық көрген. Атап айтқанда, «Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті», «Поэтикалық мәтінді талдау», «Аударма мәтінін талдау» оқулықтары оқу үдерісінде кеңінен қолданылып келеді. Оның ғылыми мақалалары оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланды.
Іс-шара барысында әріптестері естелік сөз сөйлеп, шәкірттері ғалымның өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ әріптестерінің ұсынысымен дәстүрлі түрде «Мұса Бисенқұлов оқулары» атты ғылыми-интеллектуалдық шара өткізу жоспарланды.
Ғалымның жары Бақыт Мақанқызы профессор Мұса Қазымұлы атындағы аудиторияны ашуға қолдау көрсеткені үшін университет ұжымына және ректорға отбасы атынан ризашылығын білдірді.

