Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада «Сәкен аманаты елді елге жалғаған жол» тақырыбында мазмұны терең, мағынасы салмақты кездесу өтті. Бұл басқосу тарихқа тағзым етіп қана қоймай, өткен мен бүгінді, идея мен әрекетті тоғыстырған тағылымды шара болды.Кездесуге Жетісу облысының филиалының өкілі Мукаманов Жасұлан Мырзахметұлы арнайы қатысып, Сәкен Сейфуллиннің мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Ол Сәкеннің Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарғанын, ел басқару ісіне белсен араласқанын, әсіресе теміржол саласын дамыту арқылы халықты, өңірді және болашақты байланыстыруды көздегенін атап өтті. Бір ғасыр бұрын басталған бұл идея бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағаны айтылды.Шара барысында Талдықорған қаласының тарихына да ерекше назар аударылды. Қаланың құрылған кезеңі, уақыт өте келе өңірлік орталыққа айналуы, 2022 жылы Жетісу облысының орталығы болып бекітілуі тарихи сабақтастық аясында баяндалды. Сонымен қатар Талдықорғанның болашағы, даму мүмкіндіктері және Астана мен Талдықорған арасындағы теміржол қатынасының маңызы сөз болды. Бұл бағыттағы әңгіме Сәкен атамыз салған жолдың бүгінгі жалғасы іспетті әсер қалдырды.Кездесуден кейін кітапхананың жұртшылықпен байланыс менеджері Әлия Қанабек қатысушыларды «Сәкен тұлғасы қазақ руханиятының биігі» атты көрмемен таныстырды. Көрмеде Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен ел тарихындағы орны кеңінен қамтылып, көрерменге рухани терең ой сыйлады.Іс шараның ең маңызды бөлігі студенттермен өткен ашық сұхбат болды. Жасұлан Мырзахметұлы жастарға ой тастап, болашақта партия төрағалары мен белсенді студенттер бас қосатын, жаңа идеялар жанданып, нақты жобалар жүзеге асатын арнайы ұйым құру туралы ұсынысын айтты. Бұл орталық тек бас қосу алаңы емес, әр студент өз мамандығы бойынша қаланың дамуына үлес қоса алатын нақты жұмыс кеңістігі болуы керектігі баса айтылды.Осы бағытта студенттерге маңызды сұрақтар қойылды. Өз мамандығың арқылы қаланың бір бөлігін толық зерттеп, кемшіліктерін анықтап, шешу жолдарын ұсынуға дайынсың ба деген сауалдар жастарды терең ойға жетеледі. Студенттік хаб еркін уақыт өткізетін орын ба, әлде болашақ кәсіби жолыңды қалыптастыратын мүмкіндік пе деген сұрақ та көпшіліктің назарын аударды. Сонымен қатар бір жобаны соңына дейін жеткізуге қанша уақыт бөле алатыны, идеясы қолдау тауып қаржы бөлінсе түрлі мамандық иелерінен команда құрып, жобаны сапалы жүзеге асыра ала ма деген мәселелер талқыланды. Жасалған аналитиканың ертең қаланың экономикалық картасына еніп, инвесторларға ұсынылуы студентке кәсіби сенім беретінін де атап өтті.Сұрақ жауап форматында өткен пікір алмасу барысында білімгерлер белсенділік танытып, өз ойларын ашық жеткізді.

