«Заң мен тәртіп»: студенттер арасында облыстық дебат турнирі өтті

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасында студент жастар арасында «Заң мен тәртіп» тақырыбында облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, азаматтық ұстаным мен құқықтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған бұл дода университет және Zhansugurov College ұйымдастыруымен өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында университеттің Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Ол жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғам дамуының негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Шешендік өнер мен ой ұшқырлығы сынға түскен алаңда Жетісу өңіріндегі бірқатар білім беру ұйымдарының командалары өз шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжі, Талдықорған қаласының Инновация колледжі, Авиценна медициналық колледжі, Көксу ауылшаруашылық колледжі, Сарқан политехникалық колледжі, Талдықорған жоғары аграрлық-технологиялық колледжі және Zhansugurov College студенттері өзара ой қозғап, сөз жарыстырды.

Пікірсайыс барысында қатысушылар заң үстемдігі, қоғамдағы тәртіп пен азаматтық жауапкершілік тақырыптарын өткір қаузап, өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен ортаға салды. Олардың жоғары белсенділігі мен тақырыпты терең талдауы жастардың құқықтық және рухани сауаттылығын айқын көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі І орынды Zhansugurov College командасы жеңіп алса, ІІ орын Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжі командасына бұйырды. Ал ІІІ орын Көксу ауылшаруашылық колледжі командасына берілді.

Аргумент құру дағдыларымен және тапқырлығымен ерекшеленген Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің студенті Айжан Айқын «Үздік спикер» номинациясына ие болды.

Жалпы облыстық турнирге 150-ге жуық студент қатысты.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant