












Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты мазмұнды жиын өтті. Алқалы басқосуға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, мекеме басшылары, азаматтық қоғам өкілдері, зиялы қауым мен жастар қатысты.
Жиынды облыстық мәслихат төрайымы Гүлнар Тойлыбаева жүргізіп, басқосудың алда өтетін республикалық референдум аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде жаңа Конституция жобасының мән-маңызына кеңінен тоқталды.
«Жаңа Конституция жобасы Ұлы дала тарихымыз бен тамырымыздың, заңдылық, дәстүр мен мәдениет құндылықтарына негізделіп жасалған. Біздің халқымыз әрқашан әділдік пен ар-намысты жоғары санаған. Елдігіміздің басты нышаны болып саналатын Конституция жобасында мемлекетіміз бен қоғамды жүйелі жаңғыртуға деген үлкен мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы нақты қадам», – деді аймақ басшысы.
Жиынға Жетісу университетінің Басқарма төрағасы-ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев қатысып, Конституцияның преамбуласына жан-жақты талдау жасады. Ата заң кіріспесінде халқымыздың тарихи жауапкершілігі, бірлігі мен татулығы, ортақ құндылықтары айқын көрініс тапқанын айтты.
«Преамбула – жай ғана мәтіннің кіріспесі емес. Ол мемлекеттің тарихи сабақтастығын, қоғамдық келісімді және құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаттарын жинақтайтын аксиологиялық бағдар. Преамбулада ұлттың бірлігі, адам қадір-қасиеті, еркіндік, әділет, заң үстемдігі, әлеуметтік жауапкершілік сияқты негізгі құндылықтар бекітіледі. Дәл осы құндылықтар кейінгі баптардың мазмұнын түсіндіруде өлшем қызметін атқарады», – деді ректор.
Сөз соңында ол барша азаматтарды референдумға белсенді қатысып, тарихи шешім қабылдау сәтінде азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
«Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты жиын қоғамда кең талқыланып жатқан Ата Заң жобасының маңызын айқындап, жұртшылықты белсенді азаматтық ұстаным танытуға үндеген кездесу болды.
#SDG #ЦУР #ТДМ

