

















2026 жылғы 17–18 наурыз күндері «Startup Zhetysu – 2026» инновациялық идеялар мен жобалар конкурсының үшінші кезеңі өтті. Оған 6 бағыт бойынша 61 жоба ұсынылды. Қатысушылар өздерінің инновациялық идеялары мен әзірлемелерін жоғары деңгейде таныстырып, жобаларын кәсіби түрде қорғады.
Жобаларды арнайы құрылған сарапшылар комиссиясы бағалады. Комиссия жұмысына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі, жасанды интеллект пен цифрландыру саласының мамандары және факультеттердің ғылыми жұмыс жөніндегі декан орынбасарлары қатысты.
Сарапшылар комиссиясы жобаларды бірқатар маңызды талаптар бойынша кешенді бағалады. Атап айтқанда, жобалардың инновациялық сипаты, жаңашылдығы мен идеяның өзектілігі, инвестициялық тартымдылығы, коммерцияландыру мүмкіндігі және өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы ескерілді.
Жобалар келесі бағыттарды қамтыды:
- Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект (IT) – 25 жоба;
- Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі – 1 жоба;
- Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін ұтымды пайдалану және экология – 13 жоба;
- Туризм – 2 жоба;
- Биотехнологиялар (BioTech) және биоинновациялар – 2 жоба;
- Білім беру технологиялары (EdTech), онлайн оқыту платформалары мен цифрлық білім беру шешімдері – 18 жоба.
Ағымдағы жылы ұсынылған жобалар арасында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, су ресурстары мен экология, цифрлық білім беру бағыттары басымдық танытты.
Қатысушылар бизнес пен технологиялардың дамуына жаңа серпін беретін бірегей әрі заманауи тұжырымдамалар даярлады. Ұсынылған жобалар түрлі салаларды қамтып, олардың мазмұны мен сапасы жас зерттеушілердің жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада марапатталады.
Маңызды кезеңнен сәтті өткен барлық қатысушыларды құттықтай отырып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруда табыс пен жетістік тілейміз!
#SDG #ЦУР #ТДМ

