«XXI ҒАСЫР: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАР» атты жас ғалымдар мен студенттер арасындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

2026 жылғы 8 сәуір күні І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Ғылым декадасы – 2026 аясында «XXI ҒАСЫР: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАР» атты жас ғалымдар мен студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Аталған конференцияның мақсаты жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыру, инновациялық идеяларды қолдау және ғылымның өзекті бағыттары бойынша тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру болды.

Конференция аралас форматта (офлайн және онлайн) ұйымдастырылды. Іс-шараға шетелдік және отандық жоғары оқу орындарынан жас ғалымдар, докторанттар, оқытушылар мен мамандар қатысты. Конференция жұмысы пленарлық мәжіліс және секциялық отырыстар түрінде өтті.

Пленарлық мәжілісті І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Бурибаев Ермек Абильтаевич жүргізді. Іс-шара барысында университет ректоры құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына ресми түрде бастау берді. Сонымен қатар құттықтау сөздермен Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Аханов Дастан Жарылқасынұлы, Жетісу облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Оналбаев Даурен Барлыкбекович, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Нұрғожаев Шыңғыс Болатұлы сөз сөйледі.

Конференцияда Қазақстанның әр өңірінен және шетелдік жоғары оқу орындарынан келген жас ғалымдармен қатар балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері және педагог-мамандар да баяндама жасады. Атап айтқанда, Марке политехникалық университетінің PhD докторы Marco Fiorentini «Science: Today and Tomorrow» тақырыбында баяндама жасап, Цюрих университетінің докторанты Төленова Гүлназ халықаралық тәжірибеге негізделген зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының докторанттары мен оқытушылары білім берудегі инновациялар, цифрлық технологиялар, жасөспірімдер психологиясы, құқықтық реттеу және ауыл шаруашылығы экономикасы бағыттары бойынша ғылыми тұжырымдарын ұсынды.

Конференция аясында 4 секция бойынша баяндамалар жасалды:

  1. Білім және ғылым: жаңа тәсілдер мен әдістемелер (модератор – PhD, оқытушы-дәріскер Койшыбекова Айжан Кумарбековна)
  2. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар (цифрландыру дәуірінде) (модератор – оқытушы-дәріскер Тұрабай Гүлдана Келісқызы)
  3. Жаратылыстану және физика-математикалық зерттеулер (модератор – PhD, оқытушы-дәріскер Бәкірова Әйгерім Шакимұратқызы)
  4. Құқық және экономика мәселелері (модератор – оқытушы-дәріскер, заң ғылымдарының магистрі Ахмет Ғалымжан Бауржанұлы)

Қорытындылай келе, аталған конференция жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми ізденістерін шыңдауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін, өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды академиялық алаң болды. Сонымен қатар, бұл шара білім беру саласының тәжірибелі мамандары – мектеп, колледж және балабақша педагогтері үшін инновациялық тәжірибелермен танысуға, кәсіби құзыреттілікті арттыруға және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға ықпал етті.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant