АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САУАТТЫЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 4 желтоқсан күні «TAUAN» қоғамдық қоры мен Журналистика және ақпарат ББ жетекшісі Есенбек Жұмағали Бейсенбайұлының ұйымдастыруымен онлайн-тренинг өтті. Тренингті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды.

«Ақпараттық қауіпсіздік сауаттылық негіздері» атты онлайн-тренингке Журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының студенттері түгел қатысты.

Виртуалды әлемнің шынайы өмірмен біте қайнасып кеткені сонша, әлем бойынша күн өткен сайын әскери қауіпсіздіктен гөрі ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы артып барады. Бұл – алдымыздан үлкен мүмкіндіктер ашатын жаңа заманның жетістігі екені рас. Алайда, қауіп-қатердің барын теріске шығара алмаймыз.

Бүгінгі тренингтің мақсаты – жалпы деректердің құпиялылығын, тұтастығын қорғау жолдарын үйрету. Осыған байланысты білімгерлер маңызды деректердің көшірмесін жасаудың, қолданылмайтын мобильдік қосымшаларды жоюдың, құрылғыларын әрдайым шифрлап, операциялық жүйелерді жаңартып отырудың, барынша оффлайн-карталарды қолданудың, идентификатор қосымшаларынан бас тартудың маңыздылығына көз жеткізді.

Спикер Диас Әбдіғазизов жасанды интеллект қосымшаларына өзіңіз жайлы ақпаратты ашық ұсынбауды және ұялы телефонға арнайы қара қорғау пленкасын орнатқан жөн екендігін атап айтты. Осылайша онлайн-тренинг өте пайдалы әрі қызықты өтті. Тренинг қатысушыларына арнайы сертификат берілді.