Кездесу

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқитын бітіруші түлектердің Жетісу облысы білім басқармасының өкілі Саманова Саидамен кездесуі өтті. Шара аталмыш грант негізінде оқуды аяқтайтын түлектерге міндетті үш жылдық жұмыс өтемі жайлы ақпарат беріп, басты мәселелерге тоқталу мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге 6 жоғары мектептен болашақ жас маман қатысты.

Жиын барысында спикер жергілікті білім беру грантының басты ерекшеліктері мен басқа грант түрлерінен айырмашылығына тоқталды. Күн тәртібінде міндетті үш жылдық жұмыс өтемі және жұмысқа орналасу тақырыбы талқыланды. Оқуды аяқтаушы түлектерге үш жылдық міндетті жұмыс өтемінің басты ережелері және облыс көлемінде жұмысқа орналасу туралы ақпарат жеткізілді. Ортақ тақырыптардан бөлек түлектер жеке мәселелер бойынша сұрақтар қойып, кеңес алды.

Ағымдағы оқу жылында университетті жергілікті бюджет қаражаты есебінен 113 білімгер тәмамдайды. Жауапты мамандар еңбек өтемі мәселесінің бақылауда болатынын атап өтті.