«ENACTUS WORLD CUP 2024»

Қазақстанда алғаш рет «Enactus World Cup 2024» әлем кубогы өтті

2-4 қазан аралығында еліміздің Астанасында «Enactus World Cup 2024» әлем чемпионаты өтті.
Аталмыш шара студенттік кәсіпкерлікті дамыту, инновациялық жобаларды таныстыру және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Enactus — тек жаңа идеяларды көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ әр елдің студенттеріне тәжірибе алмасу және достық қарым-қатынастар орнату мүмкіндігін беретін платформа.

Чемпионатқа әлемнің 33 елінен келген командалар қатысып, өз жобаларын қорғады. Сайыс нәтижесінде 16 үздік команда іріктеліп алынып, төрт лигаға бөлінді. Қазақстанның намысын қорғаған «Enactus Kazakhstan» командасы да осы үздіктер қатарында болды, олар өз жобаларын көрсетіп, жарқын идеяларын ұсынды.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттерінен құралған «Enactus Kazakhstan» командасы еліміздің климатына бейімделген, құнарлылығы жоғары, антиоксиданттарға бай жүгерінің жаңа сұрпын шығаруға бағытталған «Sweet Rainbow» және иммунитеті жоғары әрі өнімділігі жақсартылған қара тауықтың жаңа тұқымын шығару бойынша «Gallus» жобаларын сәтті қорғады.
Жобадағы тауық гибриді – «Казаукана» құсы көпшіліктің қызығушылығына ие болды.

Шараның жабылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысып, студенттердің жетістіктерін атап өтті. Ол І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті студенттерінің жобасына жоғары баға беріп, олардың идеялары мен бастамаларын қолдайтынын айтты.

Чемпионаттың финалында Марокко, Корея, Тунис және Германия командалары бақ сынап, нәтижесінде бас жүлдені Тунис мемлекетінің командасы жеңіп алды. Олардың жобасы инновациялық шешімдерімен ерекшеленді және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.

Бұл чемпионат студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, стартап идеяларын іске асыруға және әлемдік нарықта бәсекелестік қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Enactus платформасы арқылы жастардың креативті қабілеттерін ашып, халықаралық деңгейде танытуға жол ашады.
Келесі «Enactus World Cup 2025» әлем чемпионаты Банконг, Тайланд елінде өтеді.

#SDG #ЦУР #ТДМ