








Қазір елімізде өкінішке қарай, лудомандар саны артып келеді. Бұл тек жастар ортасында емес, ересек, тіпті ақыл тоқтатқан адамдардың арасында өршіп тұрған әлеуметтік үлкен проблема. Ұлттық Құрылтайда Президент «Лудомания бұл бейбіт күнде еліміздің шырқын бұзды, талай шаңырақты шайқады. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», – деп лудомания дертімен қоғам болып күресуге шақырған еді. Осы орайда І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан жастары арасында лудоманияның алдын алу бойынша кешенді шаралар» тақырыбында семинар өтті. Онда аталмыш қордың жетекшісі Айгүл Абдуалиева кіріспе сөз сөйлеп, лудоманияның алдын алу шаралары еліміз бойынша іске асырылатынын жеткізді.
«Кез келген тәуелділік – емдеуді қажет ететін құбылыс. Ең алдымен, тәуелділік адамды еркіндігінен айырады, бұл денсаулық үшін өте зиянды. Лудомандар — құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Қазіргі кезде казино, түрлі ақшалай ойын автоматтарының таралуына байланысты құмар ойындар мәселесі өзекті мәселеге айналып тұр. Қоғам да оларға ешқандай шара қолдана алмайды. Себебі құмар ойын обьектілері заң жүзінде рәсімделген. Осының салдарынан ойынқұмарлар саны күннен күнге артып келеді. Біздің мақсатымыз жастар жаман әдеттен бойын аулақ салуы үшін лудоманияның алдын алу»-дейді жоба жетекшісі А.Абдуалиева.
Семинар барысында Жетісу университетінің психологы Гүлнар Исламжанова студенттер арасында лудоманияға қарсы атқарылған іс-шараларға тоқталды. «Жетісу университетінде лудоманияның алдын-алуға бағытталған кешенді жоспар бар. Сол бойынша студенттер арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, құмар ойынның зиянын түсіндіріп келеміз. Мысалы, Жетісу облысына танымал психолог, дінтанушы Қанат Маратұлы «Лудомания дерті» тақырыбында бірінші курс студенттеріне дәріс оқып, құмар ойынның түбі қорлық екенін жастар санасына жетерліктей түсіндірді. Бұдан бөлек білім ордасының психолог маманы ретінде өзім әр топ студенттерімен кездесу өткізіп, тәуекелдерді анықтаймын. Сондай-ақ облыстағы психолог, дәрігер, құқық саласының мамандарын шақырып лудомания тақырыбына кураторлық сағат өткіземін» — деп өз тәжірибесімен бөлісті.
Семинар барысында облыстық психикалық денсаулық орталығының психолог-маманы Гүлбану Жексембекова баяндама жасап, лудоман адамдарды емдеу жолдарына тоқталды.
#SDG #ЦУР #ТДМ

