«Білім берудегі инклюзивті әдіс-тәсілдер: кәсіби жолға қадам» біліктілікті арттыру курсы

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде іске асырылатын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ЖТН «BR24993150 Мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейін алды даярлауға психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды жүзеге асыру шеңберінде 2025 жылғы 8-15 маусым аралығында Брюссель қаласына (Бельгия Патшалығы) жұмыс сапары өтті.  

Сапардың мақсаты кәсіби құзыреттіліктерді кеңейтуге және инклюзивті білім беру саласында озық еуропалық тәжірибелерді енгізуге бағытталған «Білім берудегі инклюзивті әдіс-тәсілдер: кәсіби жолға қадам» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсына қатысу болды.

Делегация құрамында бағдарлама жетекшісі: п.ғ.д., профессор З.А. Мовкебаева және зерттеу тобының мүшелері: Е.С. Хаймулданов, Б.Ж. Альмухамбетова, Г.Н. Жолтаева, Р.К. Есимханова, А.Б. Дузелбаева, Б.А. Дюсенбаева, Ә.Ы. Ермағамбет, У.Ж. Кудайбергенова, М.З. Увалиева, А.Б. Жигитов болды.

Іссапар бағдарламасы бойынша 1-ші күні Еуропа Одағында мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен инклюзивті білім беруді ілгерілетуде шешуші рөл атқаратын Еуропа Одағының негізгі институттарының бірінің жұмысымен танысу мақсатында Еуропалық Парламентке сапар ұйымдастырылды. Спикер: сапар әкімшісі және Еуропалық Парламенттің дәріскері Robertas Pogorelis.

Еуропалық әлеуметтік-экономикалық комитетте (EESC) кездесу өтті. Спикер ретінде комитеттің бірқатар пікірлері, оның ішінде инклюзия, мүгедек адамдардың құқықтары, халықаралық ынтымақтастық және Еуропа Одағының көрші елдермен, соның ішінде Орталық Азия елдерімен (Қазақстан) қарым-қатынасы бойынша баяндамашы Dumitru Farcas сөз сөйледі. Ол Комитеттің азаматтық қоғам және мүгедек адамдардың құқықтары саласындағы қызметімен таныстырды. Орталық Азия елдеріндегі ұйымдармен өзара ынтымақтастық және серіктестік мүмкіндіктері талқыланды.  

2-ші күні зерттеу тобы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетушілердің Еуропалық қауымдастығы (EASPD) қызметімен таныстырылды. Қауымдастықтың негізгі мақсаты — мүгедектердің құқықтарын қорғау және олардың сапалы инклюзивті көмекке қол жетімділігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар қатысушылар инклюзивті білім беру саласында жүзеге асырылатын EASPD жобасымен танысты. Спикер: саясат және жобалар жөніндегі қызметкер Лиза Дранникова.

Содан кейін City Center-де барлық жастағы нейроерекше адамдар мен олардың отбасыларын қолдайтын Neurodiversity Belgium ұйымының сессиясы өтті. Ұйымның қызметі нейроерекше адамдар үшін инклюзивті орта құруға бағытталған.         Neurodiversity Belgium нейроәртүрлілік мәселелері туралы білімін арттыру мақсатында нейроерекше адамдармен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері және басқа мамандармен ынтымақтасады. Спикер: педагог, жаттықтырушы, тәлімгер және семинар жетекшісі Dr. Scott Lawrence.

3-ші күні Бельгиялық Konekt ұйымының директоры Koen Deweer-мен кездесу өтті.  Бұл ұйым мүгедектерге қоғамда тең өмір сүруге, оқуға, жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін қызмет атқарады және инклюзияны оқытуды, мамандарды даярлауды университеттермен, компаниялармен, азаматтық қоғаммен ынтымақтастық арқылы насихаттайды.

Бельгиялық Bjièn ұйымы қызметі туралы да ақпарат алынды. Бұл ұйымның жұмысы нейроәртүрлілікті қолдауға және білім беруде, жұмыс орнында, қоғамда нейроинклюзия принциптерін ілгерілетуге, басшылар мен командаларға нейроәртүрліліктің маңыздылығын түсіндіруге және жұмыс орындарын нейроинклюзивті етуге бағытталған. Сессияны спикер, жаттықтырушы және нейроәртүрлілік пен инклюзия тақырыбына мамандандырылған кеңесші Daphné De Troch өткізді.

Сонымен қатар зерттеу тобы инклюзивті жоғары білім беруді қолдау орталығына (Steunpunt inclusief HogerOnderwijs) барды. Ұйым жоғары оқу орындарының әртүрлілік саясаты мен білім беру тәжірибесіне инклюзивті білім беруді енгізу үшін кеңес беру, интервизия, коучинг және оқытуды қарастырады.

4-ші күні    алдымен «ІТ секторында аутизмі бар адамдарды инклюзивті жұмысқа орналастыру» тақырыбын талқылау мақсатында Passwerk-те кездесу ұйымдастырылды. Спикер: нейроинклюзия қызметтері бойынша кеңесші Yolande Pacco.

Содан кейін Антверпен қолданбалы ғылымдар және өнер университетіне сапар ұйымдастырылды. Кездесу барысында DIVE-IN WEEK жобасының үйлестірушісімен білім беру мен қоғамдағы инклюзияға, әртүрлілікке және тең мүмкіндіктерге арналған жыл сайынғы аптаны ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Спикерлер: әлеуметтік педагогика бойынша оқытушы, зерттеуші (Orthopedagogie) Sarah Verreyken және «Адам және қоғам» зерттеу тобы.

5-ші күні арнайы білім беру қажеттіліктері мен инклюзивті білім беру жөніндегі Еуропалық агенттікпен (European Agency for Special Needs and Inclusive Education) таныстырылды. Бұл инклюзивті білім беру жүйелерін дамыту мақсатында Еуропаның 31 елінің білім министрліктерін біріктіретін тәуелсіз ұйым. Teacher Education for Inclusion жобасы бойынша мәлімет берілді. Спикер: арнайы білім беру қажеттіліктері мен инклюзивті білім беру бойынша Еуропалық агенттіктің жобалау қызметі жөніндегі менеджері Antonella Mangiaracina.

Содан кейін интеллектуалды дамуында ауытқуы бар адамдар мен олардың отбасыларының мүдделерін білдіретін еуропалық ұйымдардың бірі Іnclusion Europe жұмысына арналған баяндама жасалды. Баяндамашы: Іnclusion Europe атқарушы директоры Milan Švežepa.

#SDG #ЦУР #ТДМ