Ұлттық цифрлық трансформация идеясын жүзеге асырудағы ғылым мен білімнің рөлі

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Ұлттық цифрлық трансформация идеясын жүзеге асырудағы ғылым мен білімнің рөлі» тақырыбында жиын өтті.
Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау болды.

Талқылауға университет ұжымы, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асхат Досмұхамбетов пен партия ардагерлер кеңесінің төрағасы Меирман Тлеуберлинов қатысты.

Жиынды Басқарма мүшесі – әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев жүргізді. Ол Жолауда көрсетілген міндеттердің өзектілігіне тоқталды.

«Президент Қазақстанның үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру қажеттігін айтты. Бұл міндетті жүзеге асыруда университетіміз де жүйелі жұмыс жүргізуде. Әсересе, аграрлық өңір саналатын Жетісуда ауыл шаруашылығына цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу айрықша маңызды. Осы бағытта университет ғалымдары жұмыс жасап, аймақтың экономикалық және ғылыми әлеуетін арттыруға атсалысуда», – деді проректор.

Жиын барысында Ғылым және коммерцияландыру департаментінің басшысы Лаззат Карашолакова, Процестерді цифрландыру және автоматтандыру бөлімінің басшысы Даулет Батырбеков, Құқық және экономика факультетінің деканы, PhD, Ғалым Телеуев баяндама жасап, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Талқылауға қатысушылар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, жан-жақты цифрлық трансформацияны жүзеге асыру, сондай-ақ «AI-Sana» жобасы аясындағы бағыттарды дамыту мәселелері бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.

#SDG #ЦУР #ТДМ