English Language Fellow бағдарламасының оқытушысы Жетісу университетінде қызметін бастады

2025 жылғы 10 қыркүйекте І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне English Language Fellow бағдарламасының ерікті оқытушысы Бронуин Шибер (Bronwyn Schieber) келді.

Ол 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың шілдесіне дейін ағылшын тілі сабақтарын жүргізіп, оқытушыларға арналған әдістемелік семинарлар ұйымдастырады, сондай-ақ мәдени-ағартушылық жобалар мен іс-шараларға қатысады.

Бағдарлама АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен және Джорджтаун университетінің серіктестігімен жүзеге асырылады.

Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев АҚШ Бас консулдығының өкілдері – Қоғамдық дипломатия бөлімінің баспасөз атташесі Ингрид Корсгардты (Ingrid Korsgard), Қоғамдық дипломатия бөлімінің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Жанна Тоқтарованы, сондай-ақ English Language Fellow бағдарламасы аясында шақырылған оқытушы Бронуин Шиберді құрметпен қарсы алды.

Бағдарламаға қатысу бастамашысы – гуманитарлық факультет, атап айтқанда шетел тілдері және аударма ісі кафедрасы. Кафедра байқаудан сәтті өтіп, бір академиялық жылға ерікті-оқытушыны тарту мүмкіндігіне ие болды. Жобамен шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі PhD Динара Жабыкбаева мен кафедраның оқытушы-лекторы Самал Дюсебаева айналысты, олардың еңбегінің арқасында университет беделді халықаралық бағдарламаға қатысу мүмкіндігін алды.

Жиынға сондай-ақ Жетісу облысы Білім басқармасының «Әдістемелік орталық» КММ директорының орынбасары, ағылшын тілі пәнінің әдіскері Айбек Кенжебаев қатысты. Ол ынтымақтастық ағылшын тілі мұғалімдерін даярлауда тиімді нәтиже беретініне сенім білдірді.

Ерікті оқытушының келуі университет пен аймақ үшін маңызды оқиға болып саналады. Бұл бастама халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, студенттер мен оқытушыларға ағылшын тілін және академиялық коммуникацияны меңгеруде жаңа мүмкіндіктер ұсынады, сондай-ақ әдістемелік базаны күшейтіп, инновациялық тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.

#SDG #ЦУР #ТДМ